Серік Разғалиев: Алматыдағы жанкүйерлердің қолдауы ерекше
Алматыда өтетін АСА турнирінде өнер көрсететін файтерлердің бірі — Астрахань қаласының тумасы, этникалық қазақ Серік Разғалиев. Қазақстанда оған жанкүйерлердің ыстық қолдауы көрсетілетіні сөзсіз.
Алдағы жекпе-жегі, дайындық барысы және ұзақ үзіліс туралы Серік Sport+ арнасына берген сұхбатында айтып берді.
— Дайындық туған қалам Астраханда, өз клубымда өтті. Дәл осы кезде Fight Night лигасындағы жекпе-жегіне Ахмед Әлиев те дайындалып жатқан болатын. Сол себепті бірге жаттықтық. Қарсыласымды қарап шықтым. Виктор — ашық айқасты ұнататын, соққысы ауыр, өте төзімді спортшы.
— Соңғы жекпе-жегіңізден бері бір жылға жуық уақыт өтті. Мұндай ұзақ үзіліске не себеп болды және осы аралықта немен айналыстыңыз?
— Ертерек жекпе-жек өткізгім келген. Бірақ Алматыдағы турнирде жұдырықтасу мүмкіндігі бар екенін естіген соң, күте тұрғанды жөн көрдім. Алматыдағы жанкүйерлердің қолдауы ерекше.
— NAIZA ұйымында өнер көрсеткен кезде кәсіби мансабыңызға қарамастан, зауытта «Газель» көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істейтініңізді айтқан едіңіз. Қазір жағдай қалай? Тек спортқа ғана көңіл бөлуге мүмкіндік туды ма, әлде әзірге спорт негізгі табыс көзі емес пе?
— Әзірге бәрі бұрынғыдай. Жұмысты да, жаттығуды да қатар алып жүрмін. Алдағы уақытта қалай боларын көре жатармыз.
17 шілдеде өтетін АСА турнирін Sport+ телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.