Семсерлесуші Руслан Курбанов Германиядағы Әлем кубогының кезеңінде алтын медаль жеңіп алды
Семсерлесуден Қазақстан құрамасының өкілі Руслан Курбанов Германияның Хайденхайм қаласында өтіп жатқан Әлем кубогы кезеңінде жеңіске жетті, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстандық спортшы 1/32 финалда командаласы Эльмир Әлімжановты 15:14 есебімен ұтты. Одан кейін ол Венгрия өкілі Давид Нагиді 15:13, сондай-ақ, жапониялық Акира Коматаны 15:11 есебімен жеңді.
Ширек финалда Руслан Курбанов тағы бір қазақстандық семсерлесуші Никита Жулинскийден 12:11 есебімен басым түсті. Ал финалға жолдама алу үшін өткен кездесуде ол Нидерланд спортшысы Тристан Тюленді сенімді түрде жеңіп, матчты 15:9 есебімен аяқтады.
Ақтық сында Руслан Курбанов италиялық Давиде Ди Веролиді 15:14 есебімен жеңіп, турнирдің жеңімпазы атанды.
Әлем кубогының бұл кезеңінде қола жүлдені Тристан Тюлен (Нидерланд) мен Мохамед Эльсайед (Мысыр) иеленді.