Шахматшылар Сурдлимпиадада қола жүлдегер атанды
Классикалық шахматтан Қазақстан командасы XX-шы қысқы Сурдлимпиадада қола медаль иеленді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan
Ел құрамасының еншісінде он ұпай. Ал 12 ұпай жинаған Хорватияның спортшылары чемпион атанса, Польша 11 ұпайпен күміс жүлдегер атанды.
Ұлттық құрама сапында Сұлтан Қожахметов, Самажан Кеттебеков, Максим Рожков, Амангелді Наурызғалиев, Мейрман Пернеев және Виктор Максименко өнер көрсетті.
«Классикалық шахматтан жарыс қызу өтті, қарсыластарымыз осал болмады. Ойын барысында еліміздің спортшылары Италия, Германия және Сербия құрама командаларын жеңіп, Украина мен Польша командаларымен тең ойнап, тек Хорватия командасына есе жіберген болатын. Жарыстың нәтижесінде командамыз 7 турдан өтіп, он үш команда арасында үшінші орынға тұрақтады», - деді шахматтан аға жаттықтырушы Елдос Күзербаев.
Айта кетейік, XX-шы қысқы Сурдлимпиада Түркияның Эрзурум қаласында 2-12 наурыз аралығында өтті. Жарысқа Қазақстан атынан 26 спортшы (шахматтан, сноубордтан және шаңғы жарысынан) қатысты.