Сәкен Бибосынов пен Санжар Тәшкенбай мәлімдеме жасады
Сәкен Бибосынов пен Санжар Тәшкенбай қазір құрамамен бірге «Алматау» базасында жаттығып жатқанын айтты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
«Жаттығуды бастап кеттік. Түркістан облысында дайындалып жатырмыз. 29 қыркүйекте жарыс басталады. Көп демалыстан кейін бірінші сайысым болайын деп тұр. Украина құрамасы келді, Қырғыз командасы бар. Сонымен қатар Өзбекстан боксшылары шақырылады. Жарысқа дайынбыз», - дейді Санжар Тәшкенбай.
Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған турнир 29 қыркүйек пен 5 қазан аралығында Шымкент қаласында өтеді.
Сәкен Бибосынов та қазір құрамамен бірге «Алматау» базасында жаттығып жатқанын айтты.
«Украинамен бірге дайындалып жатырмыз. Бұл Олимпиададан кейінгі алғашқы оқу-жаттығу жиыным. Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған турнирге қатысамын. Бізге жанкүйер болыңыздар», - дейді Сәкен Бибосынов.
Екі боксшы да алдағы турнирде 51 келіде жұдырықтасады.