Рыбакина Брисбен турнирін өткізіп, маңызды ұпайлардан айырылады
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Австралияның Брисбен қаласында өтетін WTA-500 турнирінде чемпиондық атағын қорғай алмайды, деп хабарлайды Sport+.
Турнир 29 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында өтеді. Қатысушылар тізімінде Юлия Путинцева мен әлемдік рейтингтің үздік ойыншылары: Арина Соболенко, Джессика Пегула, Эмма Наварро және Дарья Касаткина бар.
Өткен жылы Рыбакина Брисбен турнирінің чемпионы атанып, финалда Соболенканы сенімді түрде жеңген болатын (6:0, 6:3). Алайда биыл ол дәл осы күндері өтетін аралас командалық United Cup турниріне қатысуды таңдады. Бұл шешім Брисбендегі былтырғы жеңісі үшін жиналған ұпайларын жоғалтуға алып келеді.