Рүстем Құдайбергенов: Белбеу шетелдік жауынгерге өтсе, чемпиондық атаққа қайта таласамын
«Alash Pride» лигасының 128-ші турнирінде ресейлік қарсылас Рамазан Кадиевпен жұдырықтасатын қазақстандық жауынгер Рүстем Құдайбергенов Sport+ сайтына берген сұхбатында дайындығы, қарсыласының мықты тұстары және чемпиондық атақты қайтару жоспары туралы пікір білдірді.
— Жекпе-жекке дайындық қалай өтіп жатыр? Қай жерде дайындалып жатырсыз?
— Алдағы жекпе-жекке дайындық жақсы өтіп жатыр. Қазіргі таңда Астана қаласында муай-тайдан бапкер әрі досым Нұртаза Жұмахановпен бірге дайындалып жатырмын. Оған дейін бір ай бойы Тараз қаласындағы «Гладиатор» клубында жаттықтым.
— Қарсыласыңыз туралы не айта аласыз? Оны зерттеп үлгердіңіз бе?
— Қарсыласым — тәжірибелі әрі мықты жауынгер. Әр қарсыластың әлсіз және мықты тұстары болады. Онда да дәл солай. Бәрін жекпе-жек көрсетеді.
— Сіз «Alash Pride» лигасының белбеуінің бұрынғы иегерісіз. Осы атақты қайтару жоспарыңызда бар ма?
— Иә, белбеуді қайта иелену ойымда бар. Бірақ атақтың қазіргі иегері — өзіміздің қазақ бауырымыз. Сондықтан мен қазақтармен төбелеспеймін. Бұл — өзім қабылдаған шешім. Егер белбеу шетелдік жауынгерге өтсе, онда чемпиондық атаққа қайта таласуға болады.
— Өзіңіздің қандай мақсаттарыңыз бар?
— Басты мақсат — алдағы жекпе-жек. Қазір ең маңыздысы — салмақ тастау.
28 тамыз күні Екібастұз қаласында өтетін «Alash Pride» 128 турнирін Sport+ Qazaqstan телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram