logo

Рикардо Кака: Біз дұрыс тактика мен көзқарас үшін бәрін жасаймыз

Рикардо Кака: Біз дұрыс тактика мен көзқарас үшін бәрін жасаймыз

Қазақстан футзал құрамасының бас бапкері Рикардо Кака 2024 жылғы Әлем Чемпионатының 1/8 финалында Португалияға қарсы өтетін матч туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

«Бүгін — біз аренаны алғаш әрі соңғы рет жаттығуға пайдаланатын күн. Бұл бізге таныс алаң, бірақ жаттығу артық етпейді. Біз өте тиімді, жинақы жаттығу өткізіп, ойын барысындағы жағдайларды пысықтағымыз келеді. Дайындық жоспар бойынша өтіп жатыр: матчтарды қарау, талдау, психологиялық дайындық. Барлығы ойдағыдай деп ойлаймын және матчқа дейін солай жалғасады деп үміттенеміз.

Кек алу сезімі біреуге көмектесуі мүмкін, біреуге керісінше әсер етуі мүмкін. Бұл сезімді ұстанбаған дұрыс. Мен тек 1/8 финалда Португалияға қарсы ойнайтынымызды сезініп тұрмын. Бұл біз бұған дейін кездескен команда және өте қиын ойын болған. Ойын тағы да ұйымдасқан түрде өтеді деп ойлаймын. Біз дұрыс тактика мен көзқарасты қалыптастыру үшін бәрін жасаймыз.

Мен ешқашан белгілі бір ойыншының жоқтығы туралы өкінетінімді айтқан емеспін. Әрине, ойыншы жоғалтқанда, команда да белгілі бір деңгейде әлсірейді. Лео жоқ, тіпті ол туралы ойламаймыз. Дисквалификация мен жарақаттан кейін оралған ойыншылар бар, біз соларға сенеміз. Ташкентте жылы қарсы алынды, бірақ біз үйге оралғандай сезіндік. Португалияға қарсы матчта қандай басымдыққа ие бола аламыз? Бұл — жанкүйерлердің қолдауы. Біз бұл қолдаудың болатынын білеміз. Жанкүйерлер көптеп келіп, футзал мен біз үшін үлкен қолдау көрсетеді деп үміттенемін», — деді Кака.