Қызықты текетірістер: Қазақстан OLIMPBET-Чемпионатының екінші турына превью
Sport Plus Qazaqstan тілшісі футболдан Қазақстан OLIMPBET-Чемпионатының екінші турының ойындарына превью ұсынады.
Көктемнің бірінші күні бастауын алған Қазақстан OLIMPBET-Чемпионаты 5-наурызда өз жалғасын табады. Екінші турдың шымылдығын Қайрат Нұрдәулетов тізгінін ұстаған «Жетісу» мен елордалық «Астана» арасындағы ойын ашады.
«Жетісу» алғашқы турға қатыса алмады, себебі чемпионаттың басталуына бір күн қалғанда «Ақсу» командасы жарысқа қатысудан бас тартты. Демек, Нұрдәулетов бастаған ұжымға қосымша дайындалуға мүмкіндік ашылған болатын. Ал елордалық «Астана» алғашқы турда «Жеңіспен» кездесіп, 2:0 есебімен жеңіп, алғашқы үш ұпайды иеленді. «Жетісу» өз стадионының дайын болмауына байланысты елордалық команданы алматылық «Жас Қыранда» қабылдайды. Бұл ойынның қызығы – қарама-қайшы ойын стильдері бар қос жас бапкерлердің текетіресі болады. Нұрдәулетов қорғанысқа көп көңіл бөліп, қарымта шабуылдарға сенім артатыны анық, ал Григорий Бабаянның командасы өзінің үйреншікті стилінде ойнап, ойын тізгінін бақылауда ұстағанды қалайды.
Бірінші турда өз алаңында ұтылған «Қайсар» Алматыда ұпай жоғалтқан «Қызылжармен» кездеседі. «Ақтөбеге» қарсы ойында Виктор Кумыковтың футболшылары қателіктерден кейін қарымта шабуылдан үш гол жіберіп алды. Білікті ресейлік маманның жаңа ойын стилінің осал тұстары жеткілікті. «Қызылжар» Орталық стадионда өткен ойында «Қайратқа» қарсы тамаша ойын өрнегін көрсетті, жинақы ойнады, бірақ алматылық ұжым футболшыларының жеке шеберлігінің арқасында бұл ойында қарсыласқа ұпай жинауға мүмкіндік бермеді. Оның үстіне қақпашы Джурахон Бабаханов өрескелі қателік жіберген болатын. Қос ұжым қателіктермен қаншалықты жақсы жұмыс жасағаны алдағы ойын көрсетер.
Өте қызықты текетірес жанкүйерлерді «Атырау» мен «Ордабасы» матчында күтіп тұр. Шабуыл шебін Педро Эуженио сынды шебер ойыншылармен күшейткен «Атырау» өз алаңында ел чемпионына қарсы ойында барын салатыны анық. «Ордабасы» алғашқы турда «Шахтермен» болған ойында қиындық сезбеді, Седнев бастаған команда жауапсыз бес гол соқты. «Мұнайшылардың» жаңарған тактикасы (4-4-2 жүйесі) «Орданың» шабуылдаушы қарқына қаншалықты төтеп бере алатыны мамандарға аса қызықты болары анық.
Жаңа маусымның басты фавориттерінің бірі «Тобыл» да ел біріншілігін жақсы бастады. Қостанайлық ұжым өз алаңында еш қиындықсыз «Тұранды» тізе бүктірді. Келесі турда «Тобыл» Андрей Карпович бастаған «Елімайды» қабылдайды. Семейлік ұжым 1-турда өз жанкүйерлерін үш ұпаймен қуанта аламасада, мықты қарсылас екендігін делелдеді. «Елімайдың» құрамына қосылған жаңа ойыншылардың көбі әзірге дайын емес екен, демек, мүмкін осы ретте семейлік ұжым өзінің бар күшін көрсете алмауда. «Елімаймен» матч «Тобыл» үшін нағыз сынақ болмақ. Бұл текетіресте анық фаворитті атап өту қиын.
«Жеңіс» - «Шахтер» ойыны. Бұл кездесуді бюджеті кішкентай екі команданың текетіресі деп атауға болады. «Жеңіс» елордалық дербиде бапкер Леван Коргалидзе қойған сүйкімді ойынымен ерекшеленді. Елордалық команда қысқа және орташа пастар арқылы допты жақсы бақылып, «Астана» ойыншыларын бірінші таймда таң қалдырған еді. Қарағандылық «Шахтер» қарыздарын өтеуге бел буып, орташа деңгейдегі футболшыларды қатарына қосуды шешті. Бұл ретте «кеншілерге» тәжірибе мен ойыншылар арасындағы түсіністік жетпейтіні анық, сол себепті «Шахтерді» чемпионаттың әлсіз ұжымдарының қатарына қосуға болатын шығар.
2-турды «Тұран»-«Қайрат» кездесуі жабады. «Тобылмен» өткен ойынға баға беретін болсақ, «Тұран» қиындықтарға қарамастан қатарына жақсы ойыншыларды қосқан секілді. Ринат Алюетов баптайтын команда қарсыласқа азуын көрсетіп, жиі шабуылдауға тырысқан болатын. Мұндай ойын «Тұран» жанкүйерлеріне жарқын болашаққа үміт сыйлайтыны анық. «Қайрат» чемпионтыққа үміткер командалардың бірі. Кирилл Кекердің командасын жақсы деңгейдегі легионерлер толықтырды. Мысалы, жартылай қорғаушы Георги Зария команданың нағыз локомотивіне айналуы мүмкін. Бұл кездесуде жанкүйерлерге қызықты болып, бірнеше сұрақтарға жауап қайтаруы тиіс.
5-7 наурыз аралығында өтетін екінші турдың ойындарынан кейін екі аптаға созылатын үзіліс орын алады, сол себепті аталмыш 6 ойын жанкүйерлердің чемпионатқа деген сағынышын басып, оларға жақсы эмоция сыйлайтынына сенімдіміз.