«Қыран» футбол клубы чемпионаттан шеттетілді
Шымкент қаласының «Қыран» футбол клубы Qazaqstan Football League-ның 2024 жылдағы маусымындағы жарыстарына қатысу құқығынан айырылды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Бұндай шешім Қазақстан футбол федерациясының футбол клубтарын лицензиялау жөніндегі комиссия отырысында қабылданды.
Жарыстан шеттетуге ҚР футбол клубтарын лицензиялау жөніндегі ережелерді орындамағаны себеп болды.
Айта кетейік, QFL бірнеше мәрте «Қыран» клубының басшылығына командадағы қолайсыз жағдайға байланысты түсіндірмені сұрап, QFL Бірінші лигасының регламентін сақтауды ескерткен болатын. Лига үшін жарыстағы спорттық қағидаларды ұстану және футбол клубтарының бәсекелестігін сақтау әрдайым маңызды. Сондықтан «Қыран» клубының лицензиясынан айыру мәжбүрлі шара болды.
«Қыран» осы маусымда QFL Қазақстан кубогының алдын ала кезеңі мен QFL Бірінші лигасының 10 турында бақ сынады. Сондай-ақ командаға екі мәрте QFL Бірінші лигасында техникалық жеңіліс берілді.
Клуб 2024 жылдың 11 сәуірінде 2-ші тур аясындағы «Екібастұз» ФК, 2 мамыр күні 5-ші тур аясында SD Family, 6 мамыр күні 10-шы тур аясында «Алтайға» қарсы сырт алаңдағы ойындарға бармады.
Ал 2024 жылдың 17 мамырында «Қайрат-Жастар» командасымен өткен матчта 11 ғана футболшы ғана тіркеліп, қосалқы ойыншылар болмады. Командада қаржылық қиындықтар бар, сондай-ақ футболшыларды тіркеуге тыйым салынған.