logo

Қуаныш Қабдулов: Мықты легионерлерді іздеу – Қазақстандағы қысқы маусымның басты үрдісі

Қуаныш Қабдулов: Мықты легионерлерді іздеу – Қазақстандағы қысқы маусымның басты үрдісі

Қазақстандық бапкер Қуаныш Қабдулов әр кездері «Атырау» мен «Тұранның» тізгінін ұстап, дағдарыс менеджері рөлін жиі атқарды. Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында маман қазақстандық футболдағы өзгерістер туралы пікірімен бөлісті, туған командасы «Атыраудың» нәтижелеріне баға берді және Қазақстан ұлттық құрамасының ойынынан алған әсерлері туралы айтты.

 - Қуаныш Кенжалиұлы, қалыңыз қалай? Қазір не істеп жатырсыз?

- Рахмет, бәрі жақсы. «Тұран» футбол клубынан кеткеннен кейін үйдемін, шығармашылық демалыста деп айтса да болады. Футбол қараудамын – қазақстандықты да, еуропалықты да. Өзімнің мансабыма қатысты сараптама жасадым. Ұсыным күтудемін. Қазірдің өзінде басыммен жұмысқа кіріп кеткім келеді.

- Қазақстандық футболда өзгерістер бар ма? Жалпы ішкі біріншіліктегі ойындарды қарайсыңдар ма?

- Әрине, өткен жылы барлық ойындарды көрдім деп айтуға болады. Бақытымызға орай, қазір ойындарды онлайн режимінде де, кейін жазбасында да көруге мүмкіндік бар. Әрине, Премьер-лига, Екінші лига, QJ League-ның ойындарын және «Атырау» командасының матчтарына барып, қарауға уақыт бар.

- Қазақстандық футболда өзгерістер бар ма?

- Соңғы жылдары еліміздегі футбол өсуде. Ұлттық құрама Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде жақсы өнер көрсетті. Жарыстың ақтық кезеңіне жолдама алуға мүмкіндік бар. Соңғы жылдары чемпионат айтарлықтай өсті, күшейе түсті. Балалар мен жасөспірімдер футболына ерекше көңіл бөлінеді. Өткен жылы QJ League жаңа жобасы болды, ол болашақта өз жемісін береді. ҚФФ техникалық орталығында бапкерлерді оқыту өте қызықты және ең бастысы пайдалы. Біздің футболдағы медиа да өсіп келеді. Клубтардың өз жанкүйерлерімен жұмысы да көрінеді. Шымкентте бум болды, стадионында ине шаншыр жер болмады. Сондықтан біздің футбол даму бағытын алды деп айта аламын.

Қуаныш Қабдулов: Мықты легионерлерді іздеу – Қазақстандағы қысқы маусымның басты үрдісі

 - «Ордабасы» соңғы маусымда чемпион атанды. Бұл сіз үшін тосын сый болды ма?

- Негізінде, олар маусымаралық кезеңде қалай күшейгеніне қарағанда, клуб жоғары орындар үшін күреседі деп бірден болжауға болды. Олар чемпионаттан сүрінбей өтті. Александр Седневпен таныспын және оның максималист бапкер екенін білемін. Оның қарым-қатынасы, ораторлық қасиеттері, сондай-ақ ынталандыру қасиеті кәсіби бапкер ретінде оны ерекшелендіреді. Сонымен қатар, оның қарамағында білікті қазақстандық футболшылар және легионерлер болды. 

Өзіңізді бапкер ретінде баптаған «Атырау» туралы не айта аласыз? Командада  соңғы жылдары прогресс көріне ме?

- Чемпионатта алған 7-ші орынды жақсы нәтиже деп санаймын. Сондай-ақ, ел кубогында жақсы өнер көрсетіп, «Ақтөбе» жартылай финалында пенальти сериясында жол берді. Егер біз турнир кестесіндегі орындарға қарап баға беретін болсақ, прогресс бар деп айтуға болады. Көбісі бас бапкердің жұмысын атап өтеді. Команданың футболшыларымен сөйлескенде, олар бас бапкердің жұмысына оң баға береді. 

- Соңғы жылдары «Атырау» бас командасының құрамында жергілікті түлектердің саны азайды. Сіздің ойыңызша, себеп неде?

- Сізбен келісемін. Әрине, мен командада мүмкіндігінше жергілікті футболшылардың ойнағанын қалаймын. Жанкүйерлерге, менің ойымша, мұндайға қолдау көрсету қызықты болады. Бірақ объективті түрде айту керек: футболшыларды таңдау — бас бапкердің құзыреті. Екінші жағынан, қазір командада жүрген сол Жұматов, Жұмаханов, Жагоров негізгі құрамда ойнауға лайық деп ойлаймын. Сондай-ақ, Атырау футбол түлектерінің қатарынан Қалмұратов – «Қайсарда», Оспанов – «Қызылжарда» және де «Тұранда» Сатанов бар. Аталған футболшылардың барлығы да «Атырау» негізгі құрамының ойыншылары бола алады. Бірақ әрқашан ниет мүмкіндіктермен сәйкес келе бермейді, алайда осындай дәрежеге ұмтылу керек. 18 жасқа дейін сыртқы және ішкі нарықта бәсекеге қабілетті бола алатын футболшыны тәрбиелеу үшін бұл өте маңызды, балалар футболына ерекше назар аудару керек, балалар бапкерлерін оқытып, оларға жемісті жұмыс істеуге жағдай жасау керек. Мен қаржы, әдістеме және оқыту тұрғысынан балалар бапкерлерінің мәртебесін көтеруді қолдаймын. Балалар бапкерлері осы салада не үшін жұмыс жасап жүргенін және оған көп нәрсе байланысты екенін түсінуі керек. Сондай-ақ, Екінші лига командасына (жастар командасы) және QJ лигасының командасына басқа қалалардан футболшыларды шақырудың қажеті жоқ деп санаймын. Тағы бір мәселе бар -жастар командасында ойнайтын футболшылар негізгі командаға кіре алмайды. Көптеген футболшылар екінші лига өсіп шығып, негізгі командада өнер көрсетуіне тәжірибе жетіспейді. Мұндай сәттерде Бірінші лига командасын құру жергілікті футболшылар үшін үлкен плюс болар еді. Жақында Құлсары қаласына бардық, онда жылытылатын жасанды алаңы бар 3500 орындық жақсы стадион салынды. Мен көрген жағдайлар Жылыой ауданында футбол клубын ашуға өте ыңғайлы.

Қуаныш Қабдулов: Мықты легионерлерді іздеу – Қазақстандағы қысқы маусымның басты үрдісі

- Ағымдағы маусымаралық кезеңде қазақстандық клубтарды бақылауға мүмкіндік болды ма?

- Әрине, барлық клубтарды ерекше қызығушылықпен бақылап отырамын. Қазақстандық футболдағы соңғы үрдістердің бірі, менің ойымша, бұл мықты легионерлерді іздеу, өйткені биыл легионерлерге лимит алынып тасталды. Шынында да, Эль-Мессауди, Эдедем, Яхшибоев, Цвек, Жан Жайро, Зария және Камара сияқты футболшылар біздің чемпионатты күшейтеді. Былтырғы үздік командалардың ішінде «Ақтөбе» командасының бас бапкері ғана ауыстырылды. «Ақтөбе», «Қызылжар» және «Тобылдың» құрамалары жаңарды, бірақ «Ордабасы», «Астана», «Қайрат» команданың негізгі құраманы сақтай отырып, тек маңызы бар позицияларда күшейді. «Атырау» да команданың маңызды ойыншыларын қалдырды, «Қайсар» жиындарда жақсы ойын көрсетті, чемпионаттың жаңа қатысушысы «Елімай» қызықты футболшыларды іріктеп алды, «Жетісуда» Нұрдәулетов жас команданы жинап жатыр. Биыл чемпионат өте қызық болады.

- Қазақстан құрамасы туралы айтып өтсеңіз...

- Іріктеу ойындарында өнер көрсеткеннен кейін біздің ұлттық құрама мықты командаға айналды. Магомед Мұсаұлының ұжымның бірлігі, ондағы жақсы атмосфераны құру тұрғысынан сіңірген еңбегі зор. Әр ойында футболшылардың көзінде от лаулап тұрды. Олар шынымен де алаңның әр бөлігінде жан берісті. Менің ойымша, клубтық деңгейде ғана емес, ұлттық құраманың нәтижелері де біздің футболшыларымыздың шетелдік клубтарға ауысуында үлкен үлесін қосты.

- Наурыз айында Греция құрамасынан өту үшін не істеу керек?

- Менің ойымша, гректерден өту үшін біздің құрамада әрбір адам қолдан келгеннің бәрін жасайды. Ең алдымен, Мұсаұлы шақыратын барлық ойыншылардың дені сау болғанын қалаймын. Әрі қарай жауынгерлік көзқарас, тәртіп пен қорғаныс қатаңдығы, сондай-ақ шабуылдағы агрессивті әрекеттер қажет. Бұл мүмкіндікті жібермеу керек.

- «Тұранда» соңғы кездері жағдай онша жақсы емес. Сіз онда жұмыс істедіңіз, бас бапкердің  міндетін атқарушы рөлде болдыңыз. Клубтың проблемаларын қаншалықты ауыр деп айтуға болады?

- Біз 2022 жылғы маусымда қаржылық қиындықтарға тап болдық. Мен тағайындалғаннан кейін команда 7 матчтық серияны жеңіліссіз өткізіп, «Қайрат» пен «Каспийді», сондай-ақ «Шахтерді» қарағандылық клубтың алаңында жеңді. «Астана» және «Тобыл» командаларымен тең ойнады. Бірақ осы кезеңде қаржылық проблемалар шешілмеді, тәжірибелі Осучукву, Клещенко, Мусабеков, Силва, Тапалов және Федин клубтан кетті. Мұның бәрі қалай аяқталғанын бәріміздің есімізде. Қазіргі уақытта команданың қарызы бар. Соның ішінде  маған да қарыздар. Мен клубтың қиын қаржылық жағдайына кіріп, еңбек шартын уақытынан бұрын бұзғаны үшін өтемақы сұрамадым. Олар жаңа ойыншыларды тіркеуге қойылғанды банды алып тастап, жаңа футболшыларды жариялай алады деп үміттенемін. Былтырғы бапкерлер штабы тапсырманы орындаған сияқты, бірақ олар қалдырылған жоқ. Енді жаңа команда жиналып, чемпионатқа дайындықты бастады, кеш бастады. Менің ойымша, басқа командалармен бәсекелесу өте қиын болады, мүмкін «Тұран» элитадағы орынды сақтау үшін күресетін болар.