logo

Қос қазақстандық боксшы жекпе-жексіз келесі кезеңге шықты

Қос қазақстандық боксшы жекпе-жексіз келесі кезеңге шықты

Будвада (Монтенегро) өтіп жатқан бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатының үшінші жарыс күні басталды, деп хабарлайды Sport+:

Таңертеңгі бөлімде шаршы алаңға шығу керек болған қос қазақстандық боксшы да жекпе жексіз келесі кезеңге өтті. 51 келіде Бексұлтан Боранбек алғашқы айналымдағы қарсыласы — Зимбабве боксшысы таңертеңгі салмақ өлшеуден өте алмаған. Осылайша, Бексұлтан 1/8 финалда Молдова спортшысымен күш байқасады.

Сонымен қатар, команда көшбасшысы, 67 келідегі Төрехан Сабырханның бүгінгі қарсыласы жергілікті боксшы еді. Алайда жекпе жекке санаулы уақыт қалғанда Монтенегро өкілі шаршы алаңға шығудан бас тартатынын жариялады. Төреханның ендігі қарсыласы Ауғанстан-Германия кездесуінде анықталады.

Бұдан бөлек 25 қазан күні жұдырықтасатын қазақстандық боксшылар бар: Ахмет Үсен (63.5 келі), Мадияр Бексұлтанов (80 келі), Аслан Елдібайұлы (+92 келі).

Әлем чемпионатының алғашқы екі күнінде Қазақстан командасы сапынан тек бір ғана спортшы жарыс жолынан шықты. Біріншілік 3 қарашаға дейін жалғасады.