Қазақстанның алты боксшысы Странджа кубогының финалына шықты
Софияда (Болгария) өтіп жатқан «Странджа кубогы» халықаралық бокс турнирінде жартылай финалдық жекпе-жектер аяқталды, деп хабарлайды Sport+.
Жартылай финал қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының бес спортшысы финалға жолдама алды. Атап айтқанда, Даниял Сабит (50 келіге дейін), Фарух Токтасынов (70 келіге дейін), Элина Базарова (54 келіге дейін), Лаура Есенкелді (65 келіге дейін) және Валерия Аксенова (80 келіден жоғары) келесі кезеңге өтті.
Ал 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Надежда Рябец жеребе нәтижесінде бірден финалға шықты.
Осылайша, Қазақстан құрамасының алты өкілі алтын медаль үшін сынға түседі.
Турнирдің қола жүлдегерлері атанғандар: Анель Сақыш (54 келіге дейін), Валентина Хальзова (75 келіге дейін) және Дина Исламбекова (80 келіден жоғары).
Айта кетейік, финалдық жекпе-жектер бүгін, 1 наурызда өтеді.