Қазақстандықтар Маниладағы WKF Жастар лигасының алғашқы күнінде төрт медаль жеңіп алды
Бүгін Филиппин астанасы Манилада каратэден WKF Жастар лигасының кезеңі басталды, деп хабарлайды Sport.
Алғашқы жарыс күнінде татамиге 14-15 жас санатындағы ұлдар мен қыздар шықты. Кумите бағдарламасының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынына 1 күміс және 3 қола медаль түсті.
Біздің жүлдегерлер:
Күміс — Инсар Ахмедиев (14-15 жас, 57 келіге дейін).
Қола — Нұрасыл Нұрсейіт (14-15 жас, 52 келіге дейін).
Қола — Нұркен Нұрзатұлы (14-15 жас, 63 келіге дейін).
Қола — Аяулым Тілектес (14-15 жас, 47 келіге дейін).
Айта кету керек, Нұрасыл Нұрсейіт бірнеше ай бұрын Фуджейрада өткен Жастар лигасының осындай кезеңінде жеңімпаз атанған болатын.
Турнир туралы
Жастар лигасы (Karate 1-Youth League) каратэнің әлемдік иерархиясында маңызды орын алады және Премьер-лига мен А сериясынан кейінгі деңгейде тұр. Бұл — кәсіби деңгейге өтуге дайындалып жүрген спортшылар үшін негізгі алаң.
Манила биыл осы сериядағы турнирді қабылдаған үшінші қала болды. Бұған дейін кезеңдер Фуджейрада (БАӘ) және алғаш рет Африка құрлығында — Зимбабве астанасы Харареде өткен.
Мерзімі: Турнир 17 мамырға дейін жалғасады.
Қатысушылар: 58 елден 700-ден астам спортшы қатысуда.
Санаттар: 12 мен 19 жас аралығындағы спортшылар арасында 34 санат бойынша үздіктер анықталады.
Қазақстан құрамасы: Ел намысын 20 татами шебері (11 ұл және 9 қыз) қорғауда.