Қазақстандық жас теннисшілер «Roland Garros Junior Series» турнирінде сәтті өнер көрсетуде

Қазақстандық жас теннисшілер «Roland Garros Junior Series» турнирінде сәтті өнер көрсетуде

Алматыдағы «Gorky Tennis Park» орталығының грунт корттарында 16 жасқа дейінгі теннисшілер арасында «Roland Garros Junior Series by Renault – Qualifications West and Central Asia» халықаралық іріктеу турнирі жалғасуда.

Жарыс Орталық және Батыс Азия елдерінің үздік жас теннисшілерінің басын қосты. Турнир Қазақстан теннис федерациясы, Азия теннис федерациясы (ATF) және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатыр. Іріктеу кезеңінің жеңімпаздары қазан айында Жапонияда өтетін Roland Garros Junior Series финалдық кезеңінде өнер көрсету құқығына ие болады. Онда жас теннисшілер жасөспірімдер арасындағы Roland Garros турнирінің негізгі кезеңіне жолдама үшін таласады.

Алғашқы екі ойын күнінің қорытындысы бойынша Қазақстанның бірнеше өкілі өз топтарынан шығуға жақсы мүмкіндік сақтап отыр. Ұлдар арасында бірінші нөмірлі Родион Трайгель екі жеңіске жетіп, А тобында көш бастап келеді. В тобында Амир Аскар да алғашқы екі кездесуінде жеңіске жетіп, әзірге жеңіліссіз келеді. Бексұлтан Бауыржановпен Диас Төлепбергенов те сәтті өнер көрсетуде. Екі қазақстандық та екі матчтан жеңіске жетіп, қарсыластарына бірде-бір сет берген жоқ. Бауыржанов С тобында, ал Төлепбергенов D тобында көш бастап тұр.

15 жастағы Бексұлтан Бауыржанов өзінің басты мақсаттарының бірі – жасөспірімдер арасындағы «Үлкен дулыға» турнирінде өнер көрсету екенін атап өтті.«Нью-Йорктегі «Үлкен дулыға» турнирінде ойнағым келеді. Неғұрлым ертерек мүмкіндік туса, соғұрлым жақсы. Ол үшін жаттығу жасап, ұпай жинап, рейтингте жоғарылап, турнирлерде берілетін мүмкіндіктерді пайдалану керек», – деді Бауыржанов.

Қыздар арасында да Қазақстанның бірқатар өкілі сәтті өнер көрсетуде. Алиса Королёва А тобында екі жеңіске жетсе, София Малышева С тобындағы екі кездесуінде де қарсыластарынан басым түсті. Ал Амина Нұрмахан мен Айым Қанағатова D тобында әзірге жеңіліссіз келеді.

Қазақстанның тағы бір өкілі Диас Төлепбергенов биыл 18 жасқа дейінгі ойыншылар арасында ел чемпионы атанып, ересектер арасындағы ATP турнирінде алғаш рет бақ сынады. Ол да басты мақсаттарының бірі ретінде «Үлкен дулыға» турнирлерінде өнер көрсетуді атап өтті.«Алғашқы «Үлкен дулыға» турнирімде ойнағым келеді. Жаттығуды жалғастырып, әрі қарай дамып, біртіндеп ATP турнирлеріне ауысқым келеді», – деді Төлепбергенов.

Сәрсенбі, 19 тамызда қатысушылар топтық кезеңнің қорытынды матчтарын өткізеді. Қазақстандықтардан кортқа Родион Трайгель, Амир Аскар, Бексұлтан Бауыржанов, Диас Төлепбергенов және Иван Бондаренко шығады. Қыздар арасында Алиса Королёва, Алуа Марат, Алана Маратқызы, София Малышева, Елизавета Нигматулина, Линара Булешева, Тамина Сакен, Амина Нұрмахан, Айым Қанағатова және Влада Кузьменко өз кездесулерін өткізеді.

Топтық кезеңнің қорытындысы бойынша іріктеу турнирінің шешуші сатысына жолдама алған теннисшілер анықталады.

Барлық маңызды спорттық оқиғаларды BeeTV-ден тамашала!



Күн шежіресі