Қазақстандық қос жас футболшы Беларусь чемпионатының үздіктер тізіміне кірді
Белгілі by.tribuna.com сайтында 2023 жылғы маусымның қорытындысы бойынша үздік жас ойыншылардың тізімі жарияланды.
Мақалада баға берілген 9 футболшының тізіміне «Ислочь» сапында өнер көрсететін Денис Митрофанов және «Энергетик-БГУ» командасының көшбасшысына айналған Әбинұр Нұрымбетте кірді.
«2023 жылдың басында Қазақстаннан келген шабуылшы Денис Митрофанов «Ислочь» қатарын команданың бұрынғы бапкері Виталий Жуковскийдің қолдауымен толықтырды. Бұған дейін Жуковскийдің бастауымен Митрофанов «Атырауда» ойнады. Шабуылдың алғы шебінде де, қапталда да ойнай алатын жас ойыншы «қасқырлармен» екі жылдық келісімшартқа отырды. Денис 2023 жылғы Беларусь чемпионатында 27 ойында 9 гол соғып, команданың сұрмергені атанды. Митрофановты сату арқылы «Ислочь» осы қыста пайда табуы мүмкін - оған Қазақстаннан қызығушылық бар, ал Transfermarkt маусым қорытындысы бойынша шабуылдаушының құнын 300 мың еуроға дейін көтерілді.
Қазақстанның екінші лигасынан тамыз айында келген Әбинұр Нұрымбетті Анатолий Юревич вингер позициясынан орталық жартылай қорғаушы позициясына ауыстырды. Нәтижесінде Нұрымбет алаңның ортасында «Гомельге» кеткен Даниил Силинскийді лайықты ауыстырып, жоғары лигадағы матчтарының көпшілігінде нәтижелі ойынымен көзге түсті – Әбинұр 12 кездесуде 2 гол соғып, 5 нәтижелі пас берді. Егер «Энергетик-БГУә командасы жоғарғы лигадағы орнын сақтап қалса, онда аталмыш трансфер өзін толықтай ақтады деп айтуға болады», - деп белоруссиялық әріптестер қазақстандық футболдың түлектеріне баға берді.
21-жасар Денис Митрофанов семейлік футболдың түлегі және Қазақстан жастар құрамасының негізгі ойыншысының бірі. 18-жасар Әбинұр Нұрымбет – «Тараз» футбол клубының түлегі. Ол Қазақстанда «Тараз» жастар құрамасында және «Ұлытау» сапында өнер көрсетті.