Қазақстандық боксшылар Сербиядағы турнирді сәтті бастады
14 наурызда қазақстандық боксшылар Белградта (Сербия) басталған «Бранко Пешич атындағы халықаралық мемориалда» үш жеңіске жетті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
71 келіге дейінгі салмақтағы Сабыржан Аккалыков венгр Ромео Бузыдан, 75 келіге дейінгі салмақтағы Диас Молжігіт жергілікті боксшы Владимир Губашты, ал 80 келіге дейінгі салмақтағы Ерасыл Жакпеков бельгиялық Идрис Айтанмен жекпе-жекте жеңіске жетті.
Алайда, 57 келіге дейінгі салмақта Оразбек Асылқұлов ресейлік Эдуард Саввинге жол берді.
Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы 12 боксшымен Белград турниріне аттанды. Жарыс 17 наурызға дейін созылады және онда 16 елден 106 боксшы қатысады.