Қазақстандық боксшылар Бразилиядағы Әлем кубогы кезеңін үш алтын медальмен аяқтады
Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен өткен Әлем кубогының кезеңі аяқталды.
Финалдық күннің кешкі сессиясында үш қазақстандық боксшы «алтын» үшін рингке шықты.
80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Валерия Аксенова Венгрия өкілі Жофия Сирамен кездесіп, 5:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.
85 келіге дейінгі санатта Сұлтанбек Айбарұлы бразилиялық Кауэ Белиниге қарсы жекпе-жек өткізді. Нәтижесінде отандасымыз 4:1 есебімен басым түсті.
Аида Абикеева (65 келіге дейін) Өзбекстан өкілі Навбахор Хамидоваға 0:5 есебімен есе жіберді.
Күндізгі сессияда Виктория Графеева (60 келіге дейін) финалда бразилиялық Ребекка Сантосқа қарсы жеңіске жетті.
Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынында үш алтын, бір күміс және үш қола медаль бар.
Бұған дейін Алуа Балкибекова (51 келіге дейін), Жібек Жарасқызы (80 келіге дейін) және Диас Молжігітов (80 келіге дейін) жарысты қола жүлдемен аяқтаған еді.
Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы үшінші орын алды. Бірінші орынды Бразилия (4 алтын, 5 күміс медаль), екінші орынды Қытай (4 алтын, 1 қола) иеленді.