Қазақстандық боксшы WBA белбеуі үшін ресейлік спортшымен жұдырықтасады
2024 жылдың 21 қыркүйегінде Алматыда кәсіпқой бокс кеші өтеді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Кештің басты жекпе-жегінде танымал қазақстандық боксшы Руслан Мадиев (15-2, 6 КО) өнер көрсетеді.
Sports.kz мәліметінше, бастапқыда Мадиевтің қарсыласы тайландтық Киттисак Клинсон (8-1, 5 КО) болуы керек еді. Алайда, Irfin Promotions промоутерлік компаниясының баспасөз қызметі хабарлағандай, Клинсон жарақат алып, оның орнына Мадиевпен рингке ресейлік боксшы Тигран Согоян (7-0-1, 4 КО) шығады. Жекпе-жек барысында жартылай орта салмақтағы WBA Азия чемпионының белбеуі сарапқа салынады.
Руслан Мадиевтің соңғы жекпе-жегі 2023 жылдың 18 наурызында Мексикада өткен, онда ол жергілікті боксшы Хуан Хименесті (31-24-3, 21 КО) екінші раундта нокаутпен жеңген. Осы жеңістен кейін Руслан мансабын аяқтағанын жариялаған болатын, алайда қайтадан рингке оралуға шешім қабылдады.
Айта кетсек, Қарағанды қаласының тумасы Руслан Мадиев бұған дейін Оскар де ла Хойяның Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясымен жұмыс істеген.