Қазақстан және Түркия теннисті дамыту жөнінде меморандумға қол қойды

Қазақстан мен Түркияның теннис федерациялары теннисті дамыту саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа KTF президенті Болат Өтемұратов пен TTF президенті Шафақ Мюдеррисгил қол қойды.
Келісім екі елдің теннисті ұлттық және халықаралық деңгейде бірлесіп ілгерілетуге, сондай-ақ спортты дамытудағы негізгі бағыттар бойынша тәжірибе алмасуға және озық практикаларды енгізуге деген ортақ ұмтылысын айқындайды.
Қазақстан мен Түркия бірқатар бағыттар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыратын болады, оның ішінде: спортшылар мен жаттықтырушыларды даярлау (бірлескен оқу-жаттығу жиындары, жаттықтырушылар алмасу, ұлттық семинарлар мен конференцияларға сарапшылардың қатысуы), жасөспірім спортшыларды қолдау (жас теннисшілерді тәрбиелеудің табысты модельдерімен алмасу, бірлескен турнирлер өткізу), турнирлер ұйымдастыру (ATP, WTA және ITF деңгейіндегі кәсіби және жасөспірімдер жарыстары), білім беру және төрелік ету саласы (жаттықтырушыларға арналған оқу бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу, төрешілер мен ресми тұлғалар алмасу арқылы халықаралық тәжірибе жинақтау), инфрақұрылымды дамыту және инклюзивті бағдарламаларды іске асыру.
Айта кетейік, Қазақстан мен Түркия әлемдік теннис қауымдастығында тұрақты өсім көрсетіп келеді. Екі федерация арасындағы ынтымақтастық тәжірибе алмасуға, жаңа таланттарды танытуға және Қазақстанның да, Түркияның да теннис әлеміндегі халықаралық ықпалын кеңейтуге негіз болады.