Қазақстан студенті ХОК бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болды

Студент Еңлік Ұлтарақова Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің қолдауымен Халықаралық Олимпиадалық комитеті (ХОК) ұйымдастырған беделді IOC Young Leaders бағдарламасына қатысатын 25 қатысушының қатарына кірді, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
IOC Young Leaders – бұл спортты пайдалана отырып, әлеуметтік мәселелерді шешуге ұмтылатын жас көшбасшыларға қаржылық, білім беру және сараптамалық қолдау көрсететін төрт жылдық халықаралық бағдарлама.
Ұлттық Олимпиадалық комитеті Еңліктің өтініш беру, сұқбат ұйымдастыру және қажетті құжаттарды дайындау үдерісінде жан-жақты көмек көрсетті. Соның нәтижесінде ол бағдарламаға қабылданып, өз бастамасын жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болды.
Назарбаев Университетінің магистранты, әрі спорттық медицина саласының маманы ретінде спортшы Қазақстан жастарын (14–21 жас) спортқа тарту және олардың денсаулық туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған жобаны әзірледі. Бұл бағдарламаға білім беру модульдері, шеберлік сабақтары және пайдалы контентпен қамтылған онлайн-платформа кіреді.
Оның тұжырымдамасы Қазақстан ҰОК-нің жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және спорт мәдениетін дамытуға бағытталған басымдықтарына толық сәйкес келеді.
IOC Young Leaders бағдарламасы аясында Еңлік жобасын жүзеге асыру үшін 10 000 швейцар франкі көлемінде грант, сондай-ақ халықаралық білім беру семинарлары мен нетворкингке қатысу мүмкіндігін алады.