Қазақстан құрамасы Дэвис кубогының келесі кезеңіне жолдама алды
Қазақстанның теннистен ерлер құрамасы Дэвис кубогының II әлемдік тобы аясында өз алаңында Таиланд командасын жеңді. Матчтық кездесу 18–19 қыркүйек күндері Астанадағы Beeline Arena Ұлттық теннис орталығының хард корттарында өтті.
Бірінші ойын күнінің қорытындысы бойынша Александр Шевченко мен Тимофей Скатов жекелей кездесулерде жеңіске жетіп, Қазақстан құрамасын 2:0 есебімен алға шығарды.
Екінші ойын күні Таиланд құрамасы есепті теңестіре алды – 2:2. Осылайша, келесі кезеңге жолдама тағдыры Тимофей Скатов пен Максимус Парапол Джонс арасындағы шешуші жекелей кездесуде анықталды.
Шешуші матчта Скатов жеңіске жетіп, Қазақстан құрамасына үшінші, жеңісті ұпайды әкелді.
«Қазір жеңіске жеткенімізге қуаныштымын әрі бойым жеңілдеп қалды. Бұл өте қиын матчтық кездесу болды. Барлық матч тартысты өтті, олардың төртеуі үш сетке созылды. Қобалжу өте жоғары болды. Мен өз алаңымызда алғаш рет жекелей матч өткіздім, оның үстіне бұл шешуші кездесу болды. Өз жанкүйерлеріміздің алдында біз міндетті түрде жеңіске жетуіміз керек еді», – деді Скатов.
Матчтық кездесудің қорытынды есебі – 3:2, Қазақстан құрамасының пайдасына.
Осы жеңістің арқасында ұлттық құрама Дэвис кубогының I әлемдік тобының плей-офф кезеңіне жолдама алды.