Қазақстан құрамасы Билли Джин Кинг кубогы қарсаңында баспасөз мәслихатын өткізді

Қазақстан құрамасы Билли Джин Кинг кубогы қарсаңында баспасөз мәслихатын өткізді

Қытайдың Шэньчжэнь қаласында Қазақстан әйелдер теннис құрамасының Испанияға қарсы Билли Джин Кинг кубогының ширек финалдық матчы алдындағы баспасөз мәслихаты өтті.

Журналистердің сұрақтарына ұлттық құраманың капитаны Юрий Щукин, сондай-ақ теннисшілер Юлия Путинцева, Анна Данилина, Жібек Құламбаева және Соня Жиенбаева жауап берді.

Баспасөз мәслихаты барысында құрама өкілдері турнирге дайындықтары, команданың көңіл күйі және алдағы кездесуден не күтетіндері туралы айтып берді.

«Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңінде Қазақстанның намысын қорғау – біз үшін үлкен мәртебе. Біз Испанияға қарсы ертеңгі кездесуді асыға күтіп отырмыз. Біздің құрамамыз мықты және жеңіске жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Сонымен қатар Испанияның құрамында мықты теннисшілер бар екенін және олардың өте салмақты қарсылас екенін жақсы түсінеміз. Бізді тартысты кездесу күтіп тұр. Сондықтан матчқа барынша дайын болып, үздік ойынымызды көрсетуіміз маңызды», – деді Қазақстан құрамасының капитаны Юрий Щукин.
Еске сала кетейік, ертең, 23 қыркүйекте Қазақстан құрамасы Билли Джин Кинг кубогының ширек финалында Испаниямен кездеседі. Матч Қазақстан уақытымен сағат 14:00-де (жергілікті уақыт бойынша 17:00-де) басталады.

Қарсыласу екі жекелей және бір жұптық матчтан тұрады. Жартылай финалға шығу үшін команда екі кездесуде жеңіске жетуі тиіс.

Турнирдің финалдық кезеңі 22–27 қыркүйек аралығында Шэньчжэнь қаласында өтеді. Әлем чемпионы атағы үшін сегіз ұлттық құрама бақ сынайды.

Ешбір турнирден қапы қалмауыңыз үшін, Beeline үй интернеті тиімді бағамен 24 сағатта қосылады.