Қазақстан қоржынындағы Олимпиада лицензия саны 67-ге жетті
Халықаралық нысана көздеу (ISSF) федерациясы барлық әлем кубогының кезеңінен кейін Олимпиадалық рейтингін жаңартты. Соның нәтижесінде Ирина Юнусметова Париж ойындарының лицензиясын иеленді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Юнусметова қайта үлестіру кезеңінде 10 метрден тапаншамен нысана көздеуде жолдамаға қол жеткізді. Бұл – Қазақстан спорттық ату федерациясының еншісіндегі 9-лицензия.
Осыған дейін Ислам Сатпаев, Константин Малиновский, Александра Ле, Арина Алтухова, Никита Чирюкин (нысана көздеу); Әсем Орынбай, Эдуард Ещенко мен Мария Дмитриенко (стенд ату) Париж Олимпиадасына жолдама алған еді.
Осылардың ішінде Әсем Орынбай мен Ирина Юнусметованың лицензиясы жеке спортшыға тиесілі. Ал қалғаны – федерацияға берілген квота. Осылайша, Қазақстан қоржынындағы лицензия саны 67-ге жетті. Париж Олимпиадасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.