Қазақстан мен Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы мәдени мұраны сақтауда күш біріктірмек
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоғанмен кездесті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Кездесу барысында Ербол Мырзабосынов көшпенділер ойындарының этноспорт қозғалысын дамытуда және тарихи мәдени мұраны сақтауда маңызы зор екенін атап өтті.
«Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – түркі әлемінің маңызды спорттық оқиғасы. Өйткені бұл бәсеке спортшылардың жылдар бойғы қажырлы еңбегінің жемісін көрсетеді. Этноспорт конфедерациясының басты міндеттерінің бірі – әлем халықтарының дәстүрлі спорт түрлерін жаңғырту және насихаттау», - деді министр.
Тараптар этноспорт іс-шараларын ұйымдастыру саласындағы одан әрі ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу әлеуетін, сондай-ақ жастар арасында этникалық спорт түрлерін танымал етуге бағытталған бірлескен жобаларды дамытуды талқылады.