Қазақстан әлем кубогы кезеңінде семсерлесуден «алтын» иеленді

Қазақстанның семсерлесуден жасөспірімдер құрамасы Бахрейннің Манама қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде командалық сайыста алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sport+.
Команда құрамында Нұржан Әбжанов, Алексей Касаткин, Ғабидин Мұстафин және Кирилл Проходов өнер көрсетті.
Ширек финалда біздің спортшылар Сауд Арабиясының құрамасын 45:36 есебімен жеңді. Жартылай финалда Қазақстан Қытай командасын 45:25 есебімен айқын басымдықпен жеңді.
Шешуші кездесуде Қазақстан Франция құрамасына қарсы шықты. Ойын барысында біздің команда ұтылып жатқанымен, камбэк жасап, 44:43 есебімен жеңіске жетті.
Айта кетейік, қыздар арасында Каролина Фомина, Кристина Красикова, Наталья Зинякова және Арина Яковлева төртінші орынға ие болды.