logo

Қазақстан әйелдер құрамасы Канадаға қарсы: Billie Jean King Cup додасына қатысатын теннисшілер тізімі анықталды

Қазақстан әйелдер құрамасы Канадаға қарсы: Billie Jean King Cup додасына қатысатын теннисшілер тізімі анықталды

Қазақстан теннис федерациясы Billie Jean King Cup іріктеу кезеңі аясында өтетін кездесулерге қатысатын әйелдер ұлттық құрамасының ресми тізімін таныстырды. 2026 жылғы 10-11 сәуір аралығында Астанадағы «Beeline Arena» грунт корттарында қазақстандық теннисшілер әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алу үшін Канадамен бақ сынайды.

Қазақстан ұлттық құрамасы

Жаңартылған тізімге команданың қазіргі көшбасшылары мен болашағынан зор үміт күттіретін жас теннисшілер енді:

- Анна Данилина (жұптық сында WTA рейтингінде №6);
- Юлия Путинцева (WTA рейтингінде №76);
- Жібек Құламбаева (жұптық сында WTA рейтингінде №178);
- Аружан Сағандықова (WTA рейтингінде №871);
- Соня Жиенбаева (WTA рейтингінде №1018).

Ұлттық құрама көшбасшысы және әлемнің үшінші ракеткасы Елена Рыбакина алдағы кездесуге қатыспайды. Мұндай шешімді Қазақстан теннис федерациясы спортшымен және оның жаттықтырушылар штабымен бірлесе отырып қабылдады. Еленаның биылғы маусымдағы басты басымдығы – әлемнің бірінші ракеткасы атағы үшін күресу. Федерация қазақстандық теннисшінің WTA рейтингінде көш бастауы еліміз үшін тарихи жетістік болатынына кәміл сенеді, сондықтан қазіргі уақытта барлық күш-жігер осы стратегиялық мақсатқа жұмсалмақ.

Канада құрамасы

Канада (BJKC рейтингінде 4-орын) – 2023 жылғы турнир жеңімпаздары және биылғы доданың басты фавориттерінің бірі. Солтүстікамерикалық ұжым Астанаға мынадай құраммен келеді:

Виктория Мбоко (WTA рейтингінде №10);
Габриэла Дабровски (жұптық сында WTA рейтингінде №2);
Марина Стакусич (WTA рейтингінде №130);
Бьянка Андрееску (WTA рейтингінде №165, жұптық сында №160);
Кайла Кросс (WTA рейтингінде №194, жұптық сында №131).

Осы текетіресте жеңіске жеткен команда әлем чемпионатының шешуші кезеңіне тікелей жолдама алады. Барша жанкүйерлерді өз алаңымызда өтетін маңызды матчтарда ұлттық құрамамызға қолдау көрсетуге шақырамыз!
 



Күн шежіресі