logo

Қазақ садақшылары әлем кубогі кезеңінде аралас сайыстан алғаш рет чемпион атанды

Қазақ садақшылары әлем кубогі кезеңінде аралас сайыстан алғаш рет чемпион атанды

Анталья (Түркия) қаласында садақ атудан өткен әлем кубогінің үшінші кезеңінде блоктық сайыс бойынша аралас жұптық бәсекеде Андрей Тютюн мен Адель Жексенбинова чемпион атанды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Спортты дамыту дирекциясынан мәлім еткендей, қазақстандық жұп финалда Ұлыбритания командасынан айласын асырды. 

Аралас бәсекеде барлығы 24 елдің спортшылары бақ сынады. Италия садақшылары үздік үштікті түйіндеді.

Қазақстандықтар соңғы бәсекеде Ұлыбританиядан 158:155 (39:39, 39:39, 40:38, 40:39) есебімен басым түсті. А.Тютюн әлемдік рейтингіде 19-ыншы, ал А.Жексенбинова 51-сатыда еді. 

Ал ұлыбританиялықтар сапындағы әлем кубогінің 12 мәрте жүлдегері, екі дүркін Еуропа чемпионы Елла Гибсон рейтингіде көш бастаса, Эджей Скотт 75-орында тұрған.

Осылайша, қазақстандық дуэт әлем кубогі кезеңінде аралас бәсекеде алғаш рет топ жарды.