logo

Қазақ боксшыларымен айқасуға Ресей мен Өзбекстаннан қарсыластары келеді

Қазақ боксшыларымен айқасуға Ресей мен Өзбекстаннан қарсыластары келеді

21 қыркүйекте Алматыдағы Sadu Arena спорт кешенінде Қазақстан мен әлемнің бірнеше елінен келген кәсіпқой боксшылар өзара жекпе-жек өткізеді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Irfin Promotion промоутерлік компаниясы ұйымдастыратын кештің негізгі оқиғасы жергілікті Руслан Мадиев (15-2, 6 КО) пен ресейлік Тигран Согоян (7-0-1, 4 КО) арасындағы жекпе-жек болмақ. Олар WBA Asia чемпиондық титулын сарапқа салады.

Алғашқы жоспарға сәйкес, Руслан Мадиев таи боксшысы Киттисак Клинсонмен рингке шығуы тиіс болған. Алайда, Клинсон күрт ауырып, ауруханадан бір-ақ шыққандықтан, Азия бокс қауымдастығы оның белбеуін вакантты деп жариялады.

Айта кету керек, Руслан Мадиев 2023 жылы соңғы жекпе-жегін Мексикада өткізіп, жергілікті боксшыны нокаутпен жеңген болатын. Мұнан кейін ол кәсіпқой бокстан біржола кеткенін мәлімдеген еді. Алайда, биыл рингке қайта оралып, тағы бір титулға таласып көрмекші.

Бокс кешінде ағайынды Саматәлі мен Санатәлі Төлтаевтар да өнер көрсетеді. Саматәлі дағыстандық Магомедрасул Омаровпен күш сынасса, Санатәлінің қарсыласы – Қырғызстаннан келген Сардар Атакишиев.

Шаршы алаңда 19 жекпе-жек өткізіп, бірде-бірінде жеңіліп көрмеген Елшат Нығметолланың да жекпе-жегін жанкүйерлер осы күні тамашалай алады. Ол Танзания өкілі Мухсин Кизотамен жұдырықтасады.

Сонымен қатар, бұл күні Ресей мен Өзбекстан, Үндістан және Грузия боксшылары да Алматы төрінде қазақ боксшыларының әлеуетін байқап көрмек.



Күн шежіресі