Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинді қабылдады
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы Геннадий Головкинді қабылдады, деп хабарлайды Sport+.
Мемлекет басшысына ҰОК-тің жұмысы және алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы ақпарат берілді.
Геннадий Головкин тиісті министрлікпен бірлесіп, спорттық инфрақұрылымды жақсарту, қазақстандық спортшыларды мұқият дайындау және еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттыру бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҰОК алдына олимпиялық спорт түрлерін дамыту мен нығайту бойынша маңызды міндеттер қойылғанын атап өтті. Оның айтуынша, біздің құрамалардың әлемдік жарыстардағы нәтижелерін одан әрі арттыруға қол жеткізу қажет.
Мемлекет басшысы Геннадий Головкинді Халықаралық бокс федерациясының (World Boxing) Олимпиада комиссиясының төрағасы болып тағайындалуымен құттықтады.