Қаршыға Дәуітбек: «Гонорарға Шымкенттен екі бөлмелі пәтер алуға болады»
Қазақстандық файтер Қаршыға Дәуітбек 21 қаңтарда Жапонияда Койоми Мацушимамен жекпе-жекке шығады, деп хабарлайды sportplustv.kz.
RIZIN — Жапонияның ең атақты промоушеуні болып табылады. Ал Қаршыға бұл тұжырымда өнер көрсететін алашқы қазақ. Аралас жекпе-жек шебері қарсыласының осал тұстары, жарысқа дайындығы мен денсаулығына қатысты сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар бойдақ спортшы жеке өмірінен сыр шертіп, алға қойған мақсаттарымен бөлісті.
- Қаршыға мырза, жекпе-жекке қалай дайындалып жатырсыз?
- Шымкент қаласында қызу дайындық үстіндемін. Барлығы ойдағыдай өтіп жатыр. Мұрат Естанов, Ілияс Оралбеков, Қанат Сабыров, Бақыт Сәкенов ағайларымыз осы жекпе-жекке дайындап жатыр. Не дегенмен жас бала емеспін ғой, ешқандай эмоция, қобалжу жоқ. Тек қана дайындық. Турнир Жапонияда өте ме, әлде Қазақстанда өте ме, мен үшін айырмашылығы жоқ. Әрине, шетелде жұдырықтасу ауырлау болады. Жапондық спортшымен оның өз жерінде күш сынасатындықтан мен үшін өте маңызды жекпе-жек болмақ.
- Жалпы, бұл промоушнда бір ғана жекпе-жек бола ма?
-21 қаңтарда өтетін Top Bright турнирінде октагонға шығамын. Әзірге бір ғана жекпе-жек бойынша келісімшартқа отырдым. Әріқарай жекпе-жектің болу-болмауын осы жарыс шешеді.
- Сіздің салмақ қуамын деп бүйрегіңізден айырылып қала жаздағаныңызды естідік. Қазіргі таңда денсаулығыңыз қалай?
- Иә, Краснодар қаласындағы жекпе-жекте салмақ қуу барысында 4 келідей салмақ түсіре алмай, аздап қиналғаным бар. Ол кезде 14 келіге арықтау керек болды. 10 келі тастап, соңғы 4 келі салмақты түсіре алмай, денсаулығыма байланысты белдесуден бас тартқан едім. Қазір Аллаға шүкір, денсаулығым жақсы. Ешқандай жарақат, ауыру-сырқау жоқ. Турнирге толыққанды дайындалып жүрмін.
- Жапонияға қашан ұшасыз? Құпия болмаса, бұл турнирде сізге берілетін гонарар мөлшері қандай?
- Виза берілді, билеттер алынды. Алла жазса, ертең 7 қаңтарда Жапонияға ұшамын. Қасымда жеке жаттықтырушым Мұрат Естанов болады. Сонымен қатар мені қолдап Жапонияға бірге барғалы отырған ағам Бақыт Бердаевқа шын жүректен алғысымды білдіремін. Келісімшарт бойынша, гонарарды ашып айтуға болмайды. Көп те емес, аз да емес. Бірінші жекпе-жек үшін қалыпты гонарар бекітілген. Шамамен айтсам, бұл жекпе-жекке бекітілген гонорарға Шымкенттен екі бөлмелі пәтер алуға болады. Бұл жекпе-жектің өтуіне себепші болған менеджерім Саят Әбдірахмановқа көп рақмет.
- Ал жапондық спортшының осал тұсы қандай?
-Қарсыласымның осал тұсын айта алмаймын. Өте мықты спортшы екенін білемін.
- Диего Барандаомен өткен жекпе-жекке керемет нәтижеге куә болдық. Жекпе-жекке әкеңіз қатысып, қолдау білдірген екен. Жауапкершілік еселене түскен шығар...
- Иә, аты аңызға айналған бразиялық спортшымен жұдырықтастым. Ол 50-ге жуық жекпе-жек өткізіп, атақты Конор Макгрегормен жұдырықтасқан. Алланың қалауымен бірінші раундта жеңіске жеттім. Бұл турнирге Әкем үшінші рет келді. Қобалжу болған жоқ. Әкемнің алдында жеңіске жеткеніме қуанамын.
- Алдағы жоспарларыңыз қандай? Кімді спорттағы басты қарсыласыңыз ретінде көресіз?
- Қазіргі таңда бар ойым Жапониядағы жекпе-жекте жеңіске жету болып тұр. Бір ғана мақсат тұр. Алдағы уақытта Хабиб Нұрмағамедовпен жұдырықтасқым келеді. Бар өмірім жаттығу залы мен үйдің арасында өтіп жатыр. Еңбек қана жеңіске жетелейді. Жеке өмірім жайлы айтсам, бойдақпын. Әлі өмірлік жарым болар аруды жолықтырған жоқпын. Алла нәсіп етсе, әрине, үйлену ойда бар. Әлеуметтік желілерге қызықпаймын, жаным тыныштықты жақсы көреді. Болашақ жарыма қояр нақты талаптарым жоқ, қазақтың қарапайым баласымын ғой.
- Сұхбат бергеніңізге рақмет! Жапониядан жеңіспен оралуыңызды тілейміз!
- Рақмет!