Қамшыбек Қоңқабаев: Париж Олимпиадасында жанкүйерлерді жүлдемен қуантсам деймін
Қызылордалық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев спорттық мансабында екінші мәрте Жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Қамшыбек Қоңқабаев 1991 жылы 18 қараша күні Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қазірге дейін Токио Олимпиадасының қола жүлдегер болса, әлем чемпионатында 2017, 2019 жылдарда екі мәрте күміс медаль иегері атанды.
Сондай-ақ 2022 жылы Жазғы Азия ойындарының екінші орын алса, Азия чемпионатындатөрт мәрте жүлдегерлер қатарынан көрінді. Оны 2006 жылдан бері жергілікті маман Сейітжан Төкенов жаттықтырады. Жеке бапкері әлі күнге дейін шәкіртін сындарлы сайыстарда шыңдап, сан алуан жарыстарда ақыл-кеңесін беріп келеді.
«Олимпиадаға дайындығымды пысықтадым. Біріккен оқу-жиындарына қатыстым. Алдымда үлкен мақсат бар. Париж Олимпиадасында жанкүйерлерімді жүлдемен қуантсам деймін. Әрбір уақытымды бос жіберген жоқпын. Сол жолда тынбай тер төктім», - дейді боксшы.
Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов шәкіртіне зор үміт артып отырғанын жасырмайды. Төрт жыл бұрынғы жетістігін жақсартып, жеңіс тұғырынан көрінуге қауқары жететінін айтады.