logo

Қайрат Нұрдәулетов: «Сарри және Гасперини сынды бапкерлерден үлгі аламын»

Қайрат Нұрдәулетов: «Сарри және Гасперини сынды бапкерлерден үлгі аламын»

«Жетісу» футбол клубының бапкері Қайрат Нұрдәулетов SPORT PLUS QAZAQSTAN сайтына берген сұқбатында өткен маусымға баға берді, «Мақтааралда» орын алған қийындықтар және өзінің ойын стилі туралы айтып берді. 

- Қайрат Жұмабекұлы, өткен маусымға қандай баға бере аласыз? 
- «Мақтааралдың» өткен маусымдағы ойынына мамандар, журналисттер және жанкүйерлер баға берсін. Біздің бапкерлік штаб үшін бұл жақсы тәжірибе болды. «Мақтааралға» барардың алдында, менде және менің көмекшілерімде өзімізді көрсетуге мүмкіндік болса екен деген ниет болды. Тек қана жастар құрамасында жүре бермей, өзімізді клубтық футбол деңгейінде де көрсетейік деген ой туындады. Премьер-лигада жұмыс жасап, бұл деңгейде қандай қиындықтар туындайтынын көрдік, сынақтан өттік десе де болады. 

- Сіздің бапкерлік штаб «Мақтааралға» маусымның ортасында келді. Қандай қиындықтармен күресуге тура келді?
- Ең басты, психологиялық жағынан қиындық болды, себебі команда турнир кестесінде соңғы орында болды. Командадағы ойыншыларда біраз ойын жеңіс көрмей, еңселері түскені сезілді. Біздің мақсатымыз футболшылардың өздеріне деген сенімділігін көтеру болды. Біздің бапкерлік штаб жаңа эмоциялар алып келуге тырысты. Сонымен қатар 3-4 позицияны жаңа ойыншылармен күшейтуге тура келді. 

- «Мақтааралдың» өзіндік ойын стилі болды. Бұл ойынды сіздің бапкер ретінде ұстанатын футбол философиясы деп қабылдасақ бола ма, әлде бұл сол уақыттағы құраммен қойылған ойын ба?
- Ойын стиліне келетін болсақ, қазіргі таңда маған осындай ойын стилі ұнайды. Яғни вертикальді футбол, жылдам шабуылға шығып, оны жылдам аяқтау. Сонымен қатар шабуыл барысында қапталдан қапталға допты тез ауыстыру сияқты шешімдер менің көңілімнен шығады. Допты футболшылармен көп ұстатқанды ұнатпаймын, маған ойында динамика болған қажет. Прессинг жүйесіне келетін болсақ, мен қарсыласқа қысымды тым жоғары емес, тым төмен емес, алаңның ортасында жасағанды дұрыс деп ойлаймын. Менің командам допты ортада тартып алып, қарсылас команданың бос кеңістіктерін, соның ішінде қорғаушылардың артындағы кеңістіктерді пайдалануы тиіс. Бұл ойынды «екінші нөмірмен» ойнау деп айтуға да келмейтін шығар, себебі екінші нөмірмен ойнайтын команда қарсыласты өз қақпасына жақын күтеді. «Мақтааралға» келгенде, команданың сол кездегі құрамы және мен ұнататын ойын стилі тұспа-тұс келген секілді. Сол жағынан жолымыз болды деп айтуға болады. Мүмкін уақыт өте келе, менің футболға деген көзқарасым өзгеріп, басқа футболға бет бұруым мүмкін.

Қайрат Нұрдәулетов: «Сарри және Гасперини сынды бапкерлерден үлгі аламын»

- Сіздің бастауыңызбен қазақстандық шабуылшылар жанданып, команданың көшбасшыларына айналды. Бұл құбылыстың құпиясы неде?
- Бұл жерде ешқандай құпия жоқ. Командаға келгеннен кейін біздер Рамазанмен де, Тоқтармен де ашық әңгімелестік. Олардың пікірін тыңдадық. Бұл сұрақта маған көмектескен, командада дене даярлығымен айналысқан жас бапкер Асқар Мұратұлының (Асқар Ыдырысов – ред.) еңбегі зор. Біздің шабуылшылар сол маманмен ұзақ жұмыс жасады. Алайда бапкерлер штабы шабуылшылармен әдейі жаттығулар жасаған жоқ. Негізі теорияларда шабуылшылар мен жартылай қорғаушылардың қарым-қатынасына байланысты тақырыптарды қозғадық. Жартылай қорғаушыларға допты алаңның қай жеріне жеткізу дұрыс, шабуылшыларға сол жерлерге уақытылы ашылуға кеңес бердік. Ойыншылардың осы ұсыныстарды қабылдап, әрі қарай алып кеткеніне ризамыз. Жігіттердің осындай деңгейге шыққаны олардың футболға деген көзқарасының өзгеруімен де байланысты шығар. Кәрімовтың тамаша статистикасы, ұлттық құрамаға шақырту алуы, сонымен қатар Тоқтардың шабуылдағы керемет шешімдері мен финттері – бұл жігіттердің еңбегінің нәтижесі. 

- «Мақтааралдың» ойыны жаңа заманға сай тактикалық шешімдерге толы болды. Мысалы, сіздің командада латеральдардың рөлі жоғары болғаны рас па?
- Заманға сай футболда үш орталық қорғаушыларды пайдалану сәнге айналды. Біздер де «Мақтааралда» осы ойын жүйесін пайдаландық. Расымен де қазіргі футболда латеральдердің ойынға деген қосатын үлесі жоғары. Біздің командада сол қапталда Сағадат Тұрсынбай, оң қапталда Әділхан Добай сынды ойыншылар болды. Олармен біраз сөйлестік, арнайы талаптар қойдық. Мен бір сұхбатымда Али Алиев өз командасында латеральдардың тым жоғары ойнағанын және бір орталық қорғаушының шабуылға жиі араласуын қалайтынын айтқанмын. Бірақ біздер латеральдардан жоғары көтеріліп, вингерлердің ортаға кіруін сұрадық. Допты ортада тартып алғаннан кейін, латеральдардан шабуылды қолдап, алға ашылуын талап еттік. Негізі біз ойнайтын схемада осы латеральдардың рөлі  жоғары. Әсіресе қапталдан қапталға допты жылдам ауыстыру нәтижесінде латеральдің қарсыласпен оңаша жағдайда қалуы сияқты өте маңызды шешімдер бар. Әрине, мұндай жағдайлар барлық ойындарда бола бермеді, бірақ Тұрсынбай гол соғып көзге түсті, ал Добай жиі шабуылшы ретінде ойнаған болатын. 

- Қайрат Жұмабекұлы, Еуропалық чемпионаттарды қарайсыз ба? Кәрі құрлықта ойын өрнегі ерекше көрінетін, сізге ұнайтын бапкерлер бар ма?
- Әрине, кезінде «Наполи» жаттықтырған Маурисио Сарридің және «Аталантаны» баптайтын Джан Пьеро Гасперинидің стильдері маған ұнайды. Әсіресе, олардың ойын жүйесінде летеральдарды пайдалану, оларға қай позициядағы ойыншылар көмектесе алатындығы. Латеральдармен шабуылдағанда қандай схемаларды пайдалану керектігі, латераль рөлінде ойнайтын футболшыларда қандай қасиеттер болуы тиіс екендігі сол командалардың ойынын көру арқылы түсіндім. Аталмыш командалардың ойын стилінен біраз дүниелерді өзіме алдым. Қазіргі таңда схемаларды әр түрлі пайдалануға болады, бірақ кезінде осы бапкерлердің ойын стилі бәріне үлгі болды. 

Қайрат Нұрдәулетов: «Сарри және Гасперини сынды бапкерлерден үлгі аламын»

- Маусым аяқталғаннан кейін «Мақтаарал» сізге ынтымақтастықты жалғастыруға ұсыныс жасады. Бірақ сіз «Жетісу» командасының тізгінін ұстадыңыз. Осы шешім туралы айтып берсеңіз? 
- «Мақтаарал» басшыларымен маусым аяқталғаннан кейін отырып сөйлестік. Олар жұмысты жалғастыруға ұсыныс жасады. Маусым ортасында бізге сеніп, біздің клубтарда жұмыс жасау тәжірибесі аздығына қарамай мүмкіндік бергені үшін Серік Өтегеновке және Мейіржан Есенғараевқа рақмет айтқым келіп отыр. «Мақтааралға» жұмыс жасауға ұсыныстар алдыңғы жылдары түскен, бірақ сәті түсіп осы командаға өткен маусымда келдік. Негізі кішігірім ауданнан команда ашып, осындай деңгейге шығарғандарын атап өткен мамандардың үлкен ерлігі деп айтуға болады. «Мақтааралда» қызметте жүрген мамандардың барлығына алғысым шексіз. Барлық қызметкерлер айтқан сөздерімізді жерге тастамай, қолдан келгенше барлық көмектерін маусым барысында тигізді. «Мақтааралда» жұмыс жасаған уақытта өзіме үлкен тәжірибе жинадым. Өтегенов және Есенғараевпен сөйлескеннен кейін мен клубтағы жағдайдың шешілуін күттім, бірақ алдын ала бізде басқа клубтармен келіссөздер жүріп жатыр деп ескертіп қойдым. Олар орын алған жағдайға түсіністікпен қарады, ең бастысы - екі жақ тарапынан ешқандай реніш болған жоқ. Негізі қазақ футболында Өтегенов және Есенғараев сияқты футбол жанашырлары жұмыс жасауы тиіс.    

- «Жетісудан» сізге ұсыныс қашан түсті? 
- Желтоқсан айының басында «Жетісудің» басшысы облыс әкімі сізге командада жұмыс жасауға ұсыныс жасап отыр деп хабарласты. Кездесуге барып, келіссөздер жүргіздік. Маусымға қойылған мақсаттарды талқыладық. Қаңтар айында оқу-жаттығу жиынына аттанып, команда құрамын жинауға ақырын кірісеміз. Жалпы мен Алматы қаласының тумасымын, сол себепті «Жетісу» маған жақые команда деп айтуға болады. Бұл ұсыныс мен үшін сынақ деп қабылдаймын. Алланың қалауымен алға қойылған мақсаттарды орындаймыз деп ойлаймын. 
Аталмыш командада қандай мақсаттар қойылып тұр? Команда құрамы жаңара ма?
Өткен маусымдағыдай жағдай болмасын деген өтініш болып, турнир кестесінде жоғары болу керек деген мақсаттар қойылды. 

- Интернет желісінде сізбен «Мақтааралдан» «Жетісуға» бірнеше ойыншы ауысады деген ақпарат болды. Бұл рас па? Рас болса, сізбен бірге жаңа командаға кім келуі мүмкін?  
- Әр түрлі ойыншылармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Еліміздегі беделді, тәжірибесі мол, ұлттық құрамада өнер көрсеткен бір жақсы футболшымен сөйлесудеміз. Аталмыш ойыншы біздің командаға келсе, оның айналасында жаңа команда жасақтауға жоспар бар. «Мақтааралдан» біздің бапкерлік штабпен жұмысты жалғастыруға келісім берген
2-3 ойыншыны күтіп отырмыз. Бұл футболшылардың атын жариялау сәл ерте болар. Жергілікті біршама жақсы ойыншылар бар. Асхат Балтабеков, Нұрбол Нұрберген, Равиль Атыханов, Рауан Орынбасар секілді ойыншылармен жақын арада танысамыз. Команда құрамын жақсы легионерлермен де толықтыруға әрекет жасаймыз. «Мақтааралдағы» тәжірибеден кейін Бразилия елінің түлектерімен жұмыс жасауға ниет пайда болды. ОЖЖ-ның аяғына таман команда кұрамы қаншалықты мықты болатыны бір Аллаға мәлім.