Қайрат Нұрдәулетов шабуылшы Жұмабек туралы: Оның футбол интеллекті жоғары
«Жетісу» командасының бас бапкері Қайрат Нұрдәулетов «Соққы және гол» YouTube-арнасына берген сұхбатында Қазақстан құрамасына кандидат шабуылшы Абылайхан Жұмабекпен жұмыс туралы айтты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
«Абылайханға келетін болсақ, бұл жігітке мансабын қайта жүктеу керек. Мен өзімнің көмекшілеріме айтамын: осы жігітті белгілі бір деңгейге жеткізу керек. «Осы футболшыны қайтадан жандырту керек» деп алдымызға мақсат қойдық. Жұмабектің өзіне біршама ақыл айттық. Бірақ мен өзім кезінде шабуылшы болып ойнамағандықтан, бұл позицияда ойнаудың қыр-сырын білмеймін. Абылайхан мен Максим Чиканчиге бірдей уақыт беруге тырысамын. Екеуіде деңгейі бойынша шамалас болып келеді, бірақ Жұмабектің футбол интеллекті жоғары. Абылайханның алаңдағы құйтырқы әрекеттері бар. Оның табиғи қасиеттері бар, соларды қайтадан ояту керек. Ол «Ақтөбеге» кетіп, осы қасиеттерін жоғалтып алды. Оған бұрынғы ойынын қайта жандандыру керек, өз өзіне деген сенімділігін қайта көтеру керек», - деді қазақстандық маман.
22-жасар Абылайхан Жұмабек «Жетісу» құрамын осы футбол маусымының алдында толықтырды. Барлық жарыстарда ол 9 ойын өткізіп, бір нәтижелі паспен ерекшеленді.
Жұмабек – тараз футболының түлегі. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында екі ойын өткізген.