Путинцева әлемнің екінші ракеткасын жеңді
Қазақстанның екінші, әлемнің 33-ракеткасы Юлия Путинцева Цинциннати (АҚШ) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan Kazinform агенттігіне сілтеме жасай отырып.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 2-ракеткасы, америкалық Кори Гауфтан басым түсіп, сенсация жасады.
Бірінші партияда Путинцева 6:4 есебімен ұтса, екіншісінде Гауфф есе қайырды – 6:2.
Үшінші, шешуші сетте Путинцева жеңісті жұлып алды – 6:4.
Бір сағат 54 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Юлия 1 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Гауфф 8 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды.
Юлия Путинцева ширек финалға шығу үшін әлемнің бұрынғы екінші, қазіргі 37-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосамен таласады.
Ю.Путинцева ТОП-20-ға кірмесе де, 40 жыл ішінде әлемнің екі үздік теннисшісін жеңген төртінші спортшы атанды. Бұдан бұрын Уимблдонда Юлия әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекті ұтқан еді. Мұндай нәтижеге осыған дейін испаниялық Гарбинье Мугуруса (2014), ресейлік Екатерина Макарова (2017) және чехиялық Каролина Мухова жеткен.
«Балалық шағымнан маған тек ата-анам сенетін. Олар менің бойым аласа болса да, жеңіске жететініме сенетін. «Сен үздіксің. Сен үздіксің. Сен өзіңнің мықты екеніңе сенуге тиістісің. Әйтпесе ештеңеге қолың жетпейді», дейтін әкем. Мен осыны әрдайым есте ұстап, аяғына дейін күресу қажеттігін ұмытпадым. Әр ұпай үшін күрессем, жеңіске жете алатынымды түсіндім», - деді Путинцева матчтан кейін.