Phygital Contenders ACF & Allur жеңімпазы Oeste SP командасын 3:0 есебімен жеңді
Қазақстандық ACF & Allur клубы — Phygital Contenders Astana 2026 іріктеу турнирінің жеңімпазы — Samruk-Kazyna қолдауымен өтіп жатқан «Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) халықаралық турнирінің топтық кезеңінде Oeste SP командасын 3:0 есебімен ұтты. Кездесу Phygital Football UFL Presented by Samruk-Kazyna дисциплинасы аясында өтті, деп хабарлайды Sport+.
Матчтың цифрлық кезеңінде қазақстандық команда 1:0 есебімен басым түсті. Ал футбол алаңында ACF & Allur тағы екі жауапсыз гол соғып, өз артықшылығын нығайтты. Қорытынды есеп — 3:0.
Oeste SP — Сан-Паулуда орналасқан 7×7 футболындағы жетекші командалардың бірі. Оның құрамында халықаралық деңгейде өнер көрсеткен, сондай-ақ Kings League секілді ірі медиатурнирлерге қатысқан тәжірибелі Fut7 ойыншылары бар. Команда негізгі турнирге Phygital Contenders Astana 2026 арқылы жолдама алған.
ACF & Allur ойыншысы Тимур Ращев команданың жарысқа шамамен бір ай дайындалғанын, осы уақыт ішінде күн сайын цифрлық форматтағы жаттығуларға бес-алты сағат бөлгендерін айтты.
«Мен үшін физикалық кезең қиынырақ, өйткені алаңда шаршаймыз, ал приставкада ойнағанда ондай шаршау болмайды. Маған киберспорт жақынырақ. Біз киберспортшыларды футбол ойнауға емес, футболшыны приставкада ойнауға үйреттік. Phygital Contenders мен үшін осындай форматтағы алғашқы тәжірибе болды. Біз оны жеңіп шықтық, енді негізгі турнирде де жеңіске жетеміз деп үміттенеміз», — деді ол.
Цифрлық кезеңдегі жағдайларға қатысты пікір білдірген Ращев команданың техникалық қиындықтарға тап болмағанын атап өтті.
«Бізде бәрі қалыпты болды. Ереже баршаға бірдей және оны сақтау қажет. Ереже — ереже», — деп түйіндеді ойыншы.