logo
Live

Оразовтың басты қасиеті – динамика: Адиев Рамазанның ойынына баға берді

Оразовтың басты қасиеті – динамика: Адиев Рамазанның ойынына баға берді

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұқбатта жартылай қорғаушы Рамазан Оразовтың басты қасиеттері туралы пікір білдірді.

Рамазан Оразовтың словениялық «Копер» сапынан кетуі жанкүйерлер және мамандар тарапынан алуан түрлі пікір тудырды. Бұған дейін Рамазан өзінің мықты қасиеттерін «Ақтөбе» және «Ақсу» командаларында көрсете алмады. Біреулер Оразов ойын өрнегі ерекше футболшы десе, ал басқалары барлық мәселе оның адамдық қасиеттерінде деген пікірде.

Дегенмен, Оразов өз мансабында тек қана бір бапкермен жұмыс жасап, өзін мықты футболшы ретінде көрсетуде. Ол – Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Мұсаұлы Адиев. Адиев Оразовпен бірге ресейлік «Чайкада» жұмыс жасады. Демек, Адиев бұл ойыншының қыр-сырын біледі, ішкі жан-дүниесін түсінеді.

- Оразовпен біздер Ресейде бірге жұмыс жасадық. Оның адамгершілік қасиеттері жоғары. Оразов - өз елінің патриоты. Оның ұлттық құрамадағы мотивациясы өте жоғары. Футболшының алаңдағы қасиеттеріне келетін болсақ, оның құрама ойынын құру жүйесінде рөлі аса жоғары. Мен Рамазанды бас бапкер ретінде жоғары позицияда көремін. Клубтарда оның ойыны жүрмеді, себебі ол алаңда тым төмен ойнайды. Футбол қазіргі таңда тез өзгеріп, алға қозғалуда, сондықтан әр бапкердің ойыншыға деген көзқарасы әр түрлі. Ал менің көзқарасым, оны плеймейкер ретінде алаңға қойсам да, классикалық 10-шы нөмір ретінде ойнауды сұрамаймын. Тіпті ол 9-шы нөмер де емес. Мен Оразовтан алаңда басқа әрекеттерді талап етемін. Оның бірнеше ерекше қасиеттері бар, соның ішінде шабуылдан қорғанысқа, қорғаныстан шабуылға ауысуы өте жақсы деңгейде, - деді Адиев.  

Қазақстан ұлттық құрамасында Рамазан Оразов - қарсыласқа қысым көрсететін алғы шептегі көшбасшы ойыншылардың бірі.

- Рамазанның контрпрессинг жасауда тиімділігі өте жоғары. Алаңда ол бірінші болып допты тартып алуға тырысады. Сонымен қатар ол динамикасы жоғары футболшы – мүмкін бұл оның басты қасиеті болар. Рамазан қарсыластың қорғаныс шебінде допты жақсы қабылдап, шабуылды жылдамдата алатын ойыншы. Мен бапкер ретінде Оразовтың аталмыш қасиеттерін жоғары бағалаймын, - деп ұлттық құрамамыздың бапкері баға берді.    

Оразов «Ақтөбе» сапына оралуы мүмкін деген ақпарат шығып жатыр, демек «қызыл-ақтардың» жаңа бапкері Дмитрий Парфенов Адиевтің айтқан сөздеріне құлақ асса, мүмкін Рамазан ақтөбелік клубтың сапында ұлттық құрамадағыдай жасындай жарқылдар.