Оралдық «Ақжайық» футбол клубы 6 айдан бері жалақы алмаған
Клуб басшылығы биыл жергілікті бюджеттен қаржы ала алмай, жарты жылдан бері ұжым жалақысыз отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Клубқа жоспарланған 400 миллион теңгеден ештеңе берілмеген.
«Міне, 2024 жылдың алтыншы айы. Мемлекеттік бюджеттен бір тиын да бөлінген жоқ. Яғни, биыл 400 млн теңге жоспарланған. Бүгін 11 маусым, ақша түскен жоқ. Алты ай өтті, футбол клубы жалақы алмады, ойыншылар, қызметкерлер мен жаттықтырушылар жалақыларын алған жоқ», – дейді «Ақжайық» футбол клубының директоры Манарбек Ержанов.
Қазір футбол клубы толығымен жекенің қолында. Бірақ облыс құрамасын дайындауға мемлекеттік тапсырыс орындайды. Өткен жылы бюджет клубты қаржыландыруды 1 миллиардтан 400 миллион теңгеге дейін қысқартқан. Бұл команданың премьер-лигадан түсіп қалуымен байланысты. Ал биыл клуб мүлде ақша алмаған.
Облыстық спорт басқармасы ақшаның мемлекеттік сатып алу арқылы бөлінетінін атап өтті. Байқау биыл екі рет жарияланғанымен, құжаттардың дұрыс болмауына байланысты жарамсыз деп танылған. Одан кейін аймақты су басып, ол ақшаны ақшаны басқа салаға бағыттау туралы шешім қабылданған. Шенеуніктер балалар командаларын қаржыландыруды жалғастыруға уәде берді, алайда ересектерден қаржылық проблемаларын өздері шешуін сұрайды.
«Әкімдіктің де, облыстық спорт басқармасының да өңірдегі футболды тұншықтырып, үлкен футболды жабу деген ұстанымы да, ниеті де, мүддесі де жоқ. Мен мұны ресми түрде мәлімдеймін. Келесі жылы біз тағы 400 миллион теңге бөлуді жоспарлап отырмыз, байқау жарияланады. Биылғы жағдайды айттым, соған байланысты осындай шешім қабылдадық», – дейді Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нығметуллин.