Омбыдағы турнирде Шлеменко, NAIZA-ның бұрынғы чемпионы Шамилов және басқа да файтерлер жұдырықтасады. АСА 204 турнирінің тікелей эфирі
ACA лигасы өз тарихында алғаш рет Омбы қаласында турнир өткізеді.
Кештің басты жекпе-жегінде омбылық, Bellator ұйымының бұрынғы чемпионы, ММА аңызы Александр Шлеменко өнер көрсетеді.
Өкінішке қарай, турнир кардында қазақстандық файтерлер жоқ. Дегенмен, Қазақстан ММА-сына жақын спортшылардың қатысуы жанкүйерлер үшін қызықты болмақ.
Негізгі кардты орта салмақтағы NAIZA ұйымының бұрынғы чемпионы Руслан Шамилов ашады. Ол қазақстандық лигада Мұрад Абдурахманов пен Имран Тайсултановты жеңіп, кейін белбеуін Дәурен Ермековке жол берген болатын. Октагонның қарсы бұрышында Ермековтің тағы бір бұрынғы қарсыласы Дмитрий Арышев болады.
Сондай-ақ, NAIZA лигасының чемпиондық белбеуіне үміткер Вячеслав Свищев те жекпе-жек өткізеді. Ол бұған дейін қазақстандық лиганың титулы үшін Дастан Амангелдіге қарсы шыққан.

АСА 204 турнирі Астана уақыты бойынша сағат 15:40–та басталады. Тікелей трансляция Sport+ телеарнасында, сондай-ақ Sportplustv.kz сайтында көрсетіледі.