Олимпиадаға қатысатын боксшылар Астана рингіне шығады
Бокстан Астана қаласында дәстүрге айналған «Elorda Cup» халықаралық турнирі кезекті мәрте жалауын желбіретеді.
Байрақты бокс бәсекесі «Beeline Arena» спорт кешенінде 13-18 мамыр күндері аралығында өтеді. Ел астанасында ұйымдастырылатын жарысқа Әлем чемпиондары және Париж Олимпиадасының жолдама иегерлері Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай, Айбек Оралбай, Қамшыбек Қоңқабаев қатысуымен жалпы саны 177 боксшы (110 ер, 67 әйел) жүлдеге таласады.
Айтулы жарысқа Қазақстаннан бөлек, Жапония, Үндістан, Иран, Әзербайжан, Қытай, Қырғызстан, Марокко, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттері де қатысады.
Жекпе-жек олимпиадалық жүйе бойынша өтеді. Ерлер 13 салмақ (46-48 келі, 51 келі, 54 келі, 57 келі, 60 келі, 63,5 келі, 67 келі, 71 келі, 75 келі, 80 келі, 86 келі, 92 келі, +92 келі) және әйелдер 11 салмақ (48, 50, 52, 54, 57, 60, 63, 66, 70, 75, 82 келі) бойынша жеңімпазды анықтайды.
Турнирдің ашылу салтанаты 13 мамыр күні сағат 12:00-де өтеді.
Іс-шара ҚР Туризм және Спорт министрлігі, Астана қаласы әкімдігі және Қазақстан бокс федерациясының қолдауымен өтеді.
Өтетін жері: «Beeline arena» спорт кешені. Тұран даңғылы, 4/2.
Қазақстан бокс федерациясының бас серіктесі - "Самұрық Қазына" АҚ, серіктес - "Sport Qory" туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.