Нұрасыл Нұрсейіт Хорватиядағы Жастар лигасы кезеңінде маусымдағы үшінші жүлдесін жеңіп алды
Қазақстан құрамасының қоржыны Хорватияның Пореч қаласында өтіп жатқан Karate 1 — Youth League жастар лигасы кезеңіндегі алғашқы жүлдемен толықты, деп хабарлайды Sport+.
Кадеттер арасындағы кумите бағдарламасында (52 келіге дейінгі салмақ дәрежесі) қазақстандық спортшы Нұрасыл Нұрсейіт күміс медаль жеңіп алды.
Нұрасыл жарысты екінші айналымнан бастап, қарсыластарына айқын басымдық танытты.
2-айналым: Косово өкілі Ануар Красничиді 10:0 есебімен сенімді түрде жеңді.
Келесі белдесулерде: украиналық Кирилл Дидюкты 1:0, испаниялық Мигель Марко Мартині 9:1 есебімен жеңіп, плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Жартылай финалда: Түркия спортшысы Кутай Коскунды 2:0 есебімен жеңіп, финалға шықты.
Кешкі сессияда өткен шешуші кездесуде Нұрасыл соңғы секундтарда Грекия өкілі Мораитис Иоаннис Адамантиосқа есе жіберді. Финалдық кездесудің қорытынды есебі — 1:4.
Бұл Нұрасыл Нұрсейіттің биылғы маусымдағы үшінші ірі жетістігі болды. Ақпан айында ол Біріккен Араб Әмірліктерінің Фуджейра қаласында өткен Жастар лигасы кезеңінде чемпион атанса, мамыр айында Филиппиннің Манила қаласында ұйымдастырылған турнирде қола медаль жеңіп алған еді.