logo

Мырзағали Айтжанов: Олимпиаданың алдында жігіттерді Астанада бір сынаймыз

Мырзағали Айтжанов: Олимпиаданың алдында жігіттерді Астанада бір сынаймыз

Қазіргі уақытта бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы Астанада оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Бұл — дәстүрлі Елорда Кубогы халықаралық турниріне дайындық. Sport Plus Qazaqstan тілшісі бас команданың жаттығуына арнайы барып, Мырзағали Айтжановпен тілдесті.

Елорда Кубогы Париж Олимпиадасына дейінгі соңғы жарысымыз. Бұл өз елімізде турнирлік тәжірибені арттыруға таптырмас мүмкіндік. Бастапқыдан жоспарымыз осы. Елорда Кубогына қатысып, кейін Түркістан облысы мен Алматы облысында бірнеше жаттығу кезеңінен өтеміз. Олимпиададағы додаға бірнеше күн қалғанда Францияға аттанып, бойымызды үйретеміз. 

Бас қалаға боксшылар қысқа ғана демалыстан кейін келген екен. Оған дейін Түркістан облысындағы «Алматау» базасында ауқымды халықаралық жаттығу жиыны өткізілген.

Алматауда Қазақстан, Куба, Өзбекстан және тағы бірнеше мемлекет құрамалары біріккен жиын өткіздік. Бұл барлығына пайдалы кезең болды. Өзбекстан мен Кубадан бірінші нөмірлі атақты шеберлер келді. Әр салмақ дәрежесінде өзара спарингтер өткіздік. Бұл бір жаңа формат емес, бірнеше олимпиадалық цикл бойы жалғасып келе жатқан үрдіс.

Елорда Кубогы халықаралық турниріне де келе жатқан шетелдіктер аз емес екен.

Астанадағы бәсекеге Әзірбайжан, Марокко, Өзбекстан, Тәжікстан, Иран, Үндістан және тағы басқа елдер спортшыларын әкеле жатыр. Көбісінің мақсаты осы айдың соңында Тайландта өтетін лицензиялық турнирге және Олимпиадаға дайындалу. Біз қабылдаушы ел ретінде бір ғана құраммен өнер көрсетпейміз, әр салмақта екінші, үшінші нөмірлі боксшылар, аймақтардан келген спортшылар да рингке шығады. Барлығы бірге қазір Астанада дайындалуда.

Елорда Кубогы 13-18 мамыр күндері өтеді.



Күн шежіресі