Мырзағали Айтжанов боксшылардың Болгариядағы нәтижесіне баға берді
Болгариядағы «Странджа Кубогында» бокстан Қазақстан командасы үш медаль иеленді. Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов боксшылардың нәтижесі жайында айтты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan ҰОК сайтына сілтеме жасай отырып.
Санжар жаңа салмаққа жақында өтті. Әлі бір жыл да толмады. Әр спортшының жаңа салмаққа бейімделуі әртүрлі болады. Біздің спортшымыз жас болса да, атағы, шеберлігі бар боксшы. Сондықтан, ертерек қалыптасады деп ойлаймыз. Финалда әлемдік деңгейдегі мықты спортшының бірімен кездесті. Ақтық сында да осалдық танытты деп айта алмаймын. Өзіне лайық өнер көрсетті.
Кейбіреулер Санжардан бұдан да үлкен нәтиже күтіп, күміс медальға ренжіп қалуы мүмкін. Бірақ Амиттің жасы да, спорттағы тәжірибесі де үлкен. Санжар Тәшкенбай оның қасында жас бала. Бәрі алда. Әрбір жарысқа, әрбір нәтижеге күйіп-пісудің қажеті жоқ. Жанкүйерлерге түсіністікпен қарауды сұраймыз. Келешекте Санжардың бұл салмақтағы үздік нәтижелерін көре бастайтынымыз анық.
Дулат Бекбауов өз салмағында топ жарды. Оның салмағы Олимпиадаға енбейді. Десе де, бұл жетістік Азия чемпионатының алдындағы дайындық іспетті болды. Спортшы жыл бойы дайын жүруі керек. Енді Дулат та алдағы арман-мақсаттары үшін ерінбей еңбек етеді.
Ал Тұрсынбай Құлахмет кәсіби боксқа кетіп, әуесқой бокстағы жарыстардан біраз үзіліс алған еді. Енді, міне, командаға қайта оралып, өзінің бабына еніп келе жатыр. Іс-қимылынан көрініп тұр. Спартакиада кезінде де байқадық. Тұрсынбай 75 келіден 80 келіге ауысты ғой. Жаңа салмақ кішкене ауырлау соғып тұрған сыңайлы. Бірақ 80 келідегі әлемнің ең мықты боксшыларының бірі — Тоқтарбек Таңатқанмен терезесі тең өнер көрсетті. 2:3 есебімен жеңілді. Тоқтарбектің шеберлігі мен жылдамдығы біздерге, мамандарға көрініп тұрды.