Мұхамедсабыр Базарбайұлы Олимпиада қарсаңында әскерге аттанды
Бокстан Париж Олимпиадасына қатысатын Қазақстан құрамасының мүшесі Мұхамедсабыр Базарбайұлы қарулы күштер қатарына қабылданып, ант берді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының құрамы 22 спорт шебері және 2 спорт шеберіне үміткермен толығып отыр. Олардың арасында грек-рим күресімен, бокспен, таэквондомен және биатлонмен айналысатын белгілі спортшылар Отан алдында адал болуға ант қабылдады.
Әскерге шақырылушылардың ішінде 3 әлем чемпионы, 2 әлем кубогының иегері, Азия біріншілігінің 9, Қазақстан чемпионатының 16 жеңімпазы бар.
Сондай-ақ, бұл құрамға Париждегі Олимпиада ойындарына лицензия алған Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен грек-рим күресінен 23 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы Сұлтан Әсетұлы да енген.
«Спорттағы жеңістері мен рекордтарына қарай армия клубының тарихы бай екенін білеміз. Біз Орталық спорт клубының даңқын арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.
Мұндай спорт ротасында борышымызды өтеу біз үшін үлкен мәртебе», - деді грек-рим күресінен балуаны Сұлтан Әсетұлы.
Мұхамедсабыр Базарбайұлы Париж Олимпиадасының жолдамасын екінші мүмкіндігінде иеленген. Ол наурыз айында Италиядағы сыннан лицензиясыз оралса, маусым айының басында Таиландта өткен әлемдік іріктеу турнирінде жолдамаға қол жеткізді.