logo

Мерей Ақшалов: Біздің жігіттерге сенемін

Мерей Ақшалов: Біздің жігіттерге сенемін

Бокстан әлем және Азия чемпионы Мерей Ақшалов Sport Plus Qazaqstan тілшісіне берген сұхбатта Париж Олимпиадасы жайында айтты:

«Қазіргі уақытта құрамамен бірге жаттығу жасап жүрмегендіктен нәтижеге қатысты пікір білдіру қиын. Дегенмен, біздің жігіттерге сенемін, жүлделер болады деген үміттемін. Олимпиадада әр салмақ дәрежесінде 16-18 әлемнің үздік боксшысы бақ сынайды, әрине ешкімге де оңайға соқпайтыны анық. Жеребе жақсы түсіп, Қазақстан командасының жолы болса екен деймін. Менің салмағымда Мұхаммедсабыр Базарбайұлы жұдырықтасады. Жекпе жектерін қарап жүрмін, Бангкоктағы соңғы лицензиялық турнирде жолдама иеленді»

Сонымен қатар, белгілі боксшы қазіргі қызметі жайында сөз қозғады:

«Шамамен екі ай бұрын жаңа қызметке тағайындалдым. Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы Республикалық спорт мектеп-интернаттың директорымын. Дәл осы білім ордасынан 2005 жылы өзім де түлеп ұшқан едім. Міне, араға 19 жыл салып басшылық қызметке келіп отырмын. Бұл — өте үлкен жауапкершілік. Өйткені, дәл осы жерден көптеген спорт түрі бойынша Ұлттық құрама сапын толықтыратын талапты спортшылар шыңдалып шығады»