Мадияр Құрамысов: Балуандарға шешуші сәтте шеберлік жетпей қалды
Еркін күрестен Қазақстан командасының бас бапкері Мадияр Құрамысов olympic.kz сайтына берген сұхбатта Түркияда өткен соңғы іріктеу турнирін қорытындылады, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan
Айта кетелік, еркін күрес шеберлері үш салмақта (57, 65, 74 келі) сынға түсіп, үшеуінде де жолдама ала алмады.
"Негізі, жігіттер жақсы күресті. Бірақ шешуші сәтте шеберлік жетпей қалды. Құрамға келер болсақ, жігіттердің бәрін әділетті түрде таңдап алдық.
Адлан Асқаров салыстырмалы түрде Бішкекте күрескен Майс Алиевтен мықтырақ. Рахат Қалжан да ең соңына шейін күресті.
Ал Нұрғожа Қайпановтың әлеуеті осы. Бұдан биікке секіре алмайды. Қазір ол сынға түсетін 74 келі еркін күрестегі ең беделді салмақ. Сондықтан, алысқа бармады. Стамбулдағы турнирден соң айтарға сөз жоқ", - деді Құрамысов.
Стамбулдағы турнирде Рахат Қалжан (57 келі) жолдама үшін өткен белдесуде ұтылса, Адлан Асқаров (65 келі) екінші айналымда жеңілді. Нұрғожа Қайпанов (74 келі) болса, қола медаль үшін белдесуде тізе бүкті.