Лицензиялық турнир: төрт боксшымыз да қарсыласын шаң қаптырды
Италияның Бусто-Арсицио қаласындағы Париж Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынып жатқан турнирде шаршы алаңға шыққан боксшыларымыздың барлығы жеңіске жетті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Соңғы болып рингке көтерілген жерлесіміз Махмұд Сабырхан Италиядағы доданың 1/8 финалына шықты.
Ол аталған турнирдің 1/16 финалында (57 кг) Таиланд боксшысы Саравут Суктхетті 3:2 (29:28, 29:28, 29:28, 28:29, 28:29) есебімен жеңді.
Осылайша бүгін шаршы алаңға шыққан төрт боксшымыздың төртеуі де жеңіске жетіп, келесі айналымдарға жол алды.
Бүған дейін Алуа Балқыбекова Чехияның жас боксшысы Клаудиа Тотовамен кездесіп, 5:0 есебімен қарсыласын жарыс жолынан шығарса, Наталья Богданова алғашқы жекпе-жегінде аргентиналық Лорена Соледад Балбуэнді жеңді.
Ал ерлер арасында 80 келідегі қазақстандық әлем чемпионы Нұрбек Оралбай 1/16 финалда Того мемлекетінің спортшысы Прева Падабадиді 5:0 есебімен жеңді.
Париж Олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынып жатқан турнир 3 наурызда басталған болатын. Жарыс 12 наурыз күні мәресіне жетеді. Аталған турнирде ерлер арасында 28, әйелдер арасында 21 жолдама сарапқа салынуда. Қазақстан құрамасынан ерлерден 6, әйелдерден 5 боксшы жолдамаға таласып жатыр.