Лицензиялық турнир: Махмуд Сабырхан ширек финалға жолдама алды
Қазақстандық боксшы Махмуд Сабырхан ширек финалға жолдама алды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Қазақстандық боксшы 1/8 финалда Пуэрто-Рикодан келген Хосе Калеб Паган Тирадомен қолғап түйістірді.
Бірінші раундта Махмуд жинақы қимылдап, қарсыласына соққы дарыта білді.
Нәтижесінде төрт төреші Махмудтың басым түскеніне қолдау білдірсе, біреуі қарсыласының жеңгенін айтты.
Екінші раундта төрешілер 3:2 есебімен қарсыласының жеңгеніне шешім шығарды.
Үшінші кезеңде Махмудтың шапшаңдығы байқалды. Қарсыласына көп соққы жасап үлгерді.
Осылайша жалпы нәтижеде қазақстандық боксшы қарсыласын тізе бүктіріп, ширек финалға жолдама алды.
Енді ол алдағы жекпе-жегінде жеңіске жетсе, Париж Олимпиадасы жолдамасына қол жеткізеді.
Махмуд Сабырхан 2001 жылы дүниеге келген. Ол бұған дейін әлем чемпионатында 2021 жылы күміс, 2023 жылы алтын медаль алды.
Сондай-ақ, 2022 жылы Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанды.