logo

Күрестен Қазақстан чемпионаты. Үздік балуандардың есімі белгілі

Күрестен Қазақстан чемпионаты. Үздік балуандардың есімі белгілі

Грек-рим күресінен 2024 жылдың Қазақстан чемпиондары бес салмақ дәрежесі бойынша белгілі болды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan

55 келі салмақ дәрежесінің финалында  жастар арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері астаналық Айбек Айтбеков бір жарым жылдық үзілістен соң боз кілемге қайта шыққан Нұрзат Қабдырахимовке (Жетісу облысы) есе жіберді. Қабдырахимов алғашқы кезеңде-ақ қарсыласын таза жеңді 8:0. Ең жеңіл салмақтағы қола жүлдегерлер: Ербол Камалиев (Алматы облысы) және Қасым Аден (Түркістан облысы)

63 келіде ақтық сынға шыққан U23 Азия чемпионатының қола жүлдегері, былтырғы ел біріншілігінің финалында ғана ұтылған жамбылдық Ержет Жарылқасын Қазақстан Спартакиадасының қола жүлдегері шығыс қазақстандық Диас Әскербайды алғашқы айналымда таза ұтқанымен, челлендж жарияланып, белдесу жалғасты. Дегенмен, Жарылқасын келесі кезеңнің басында-ақ үстемдік танытып, Қазақстан чемпионы атанды. Үздік үштікті түйіндегендер: Айбек Есмұратов (Қостанай облысы) және Мұхамедәлі Мамырбек (Шымкент)

Үшінші жыл қатарынан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында үздік үштіктен көрініп жүрген Алматы облысының балуаны Ерасыл Нұрбосынов бұл жолы да алтыннан бір адым жерде тоқтады. 72 келі салмақ дәрежесінде Солтүстік Қазақстан облысының спортшысы Николай Хапко өз жолында біраз мықты қарсыласты жеңіп, нәтижесінде тұңғыш рет ел чемпионы атанды. Бұл салмақта үшінші орынға Әділхан Сатаев (Шымкент) және Елдос Камелов (ШҚО) жайғасты.

82 келідегі ақтық сында Альмир Төлебаев (Жетісу облысы) пен Евгений Поливадов (Атырау облысы) арасындағы белдесу аса тартысты өтті. Балуандар соңғы минутқа дейін берілмей, есепті ұстап тұрды. Нәтижесінде минималды есеп айырмашылығымен Поливадов жеңіске жетті, 4:3. Қола жүлдегерлер: Талас Әшірханов (Жамбыл облысы) және Мирас Баршылықов (Қостанай облысы)

Осы күн бағдарламасындағы жалғыз олимпиадалық салмақ 97 келі финалына U23 Азия чемпионы Олжас Сырлыбай (Қызылорда облысы) және жартылай финалда осы салмақтағы ең тәжірибелі спортшы Ерұлан Ысқақовты жарыс жолынан шығарған Иусуф Мациев (Қостанай облысы) кездесті. Қос балуанға да қиынға соққан бұл белдесуде Олжас Сырлыбай чемпион атанды. Олимпиадалық салмақта үшінші орында: Ислам Умаев (Алматы) және Ерұлан Ысқақов (Қарағанды облысы).

Ертең Қазақстан чемпионатында грек-рим күресінен 60 кг, 67 кг, 77 кг, 87 кг және 130 кг салмақ дәрежелерінде белдесулер өтеді.