Колумбияда жеңіске жеткен жаңаөзендік боксшыға жерлестері құрмет көрсетті
Ақпан айының орта шенінде Колумбияда өткізген дебюттік жекпе-жекте жеңіске жеткен жаңаөзендік Нұрым Ділшаттың жерлестері құрмет көрсетіп, қала әкімі қабылдады, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Соңғы екі айда жаңаөзендік кәсіпқой боксшы Ділшат Нұрым үш кездесу өткізіп, оның барлығында басым түсіп отыр. Ол алғашқы кездесуін 25 желтоқсанда Бакуде бастады.
Сол сында бірінші жартылай салмақта алты раундқа есептелген кездесуінде жергілікті боксшы Агаджан Даргаховты екінші раундта техникалық нокаутпен ұтты.
Ақпан айының басында Колумбияның Санта-Марте қаласында жергілікті боксшы Овер Патерниньямен жұдырықтасып, кезекті жеңісіне қол жеткізді.
Осылайша екі рейтингтік кездесуді сәтті аяқтаған жерлесіміз чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасуға мүмкіндік алды.
Ақпан айының 12 күні колумбиялық былғары қолғап шебері Кевин Мартинезпен шаршы алаңда жолығып, қарсыласын нокаутпен жеңген жаңаөзендік кәсіпқой боксшы «UBC INTERCONTINENTAL CHAMPION» белдігін иеленді.
Қазіргі уақытта кәсіпқой боксшы Нұрым Ділшат әлемдік рейтингте 174 орында тұр.