logo

Көкпардағы дау-дамай неден шықты: Қазақстан құрамасының мүшесі жауап берді

Көкпардағы дау-дамай неден шықты: Қазақстан құрамасының мүшесі жауап берді

Көкпардан Қазақстан құрамасының мүшесі Абылайхан Нышанбеков БАҚ өкілдеріне арналған брифингте финалдық бәсекедегі дау-дамайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында көкпардан финалдық бәсекеде Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары кездесті.

Бірінші кезеңнің аяқталуына 7 минут уақыт қалғанда Қазақстан құрамасының мүшесі Ұлан Байтөреев пен қырғыз көкпаршысы Қуанышбек Сұлтанұлы арасында жанжал туындап, арты спортшылардың қақтығысына ұласты.

«Көкпар ойынының бірінші кезеңінде 10-нөмірдегі біздің қорғаушымыз – Ұлан Байтөреев ағамызға қырғыз ойыншысы балағат сөз айтқан.

Намысқа тиіп, балағат сөзді көтере алмаған соң қамшы жұмсағаны рас. Ойын барысында қағыс та, тартыс та болып тұрады. Аттың үстіне мінгеннен кейін...

Қызу қанды халықпыз ғой... Ойын барысында болған нәрсе сол жерде қалды деп ойлаймын. Оны Қырғызстан Республикасындағы бауырларымыз әлеуметтік желіге салып, талқылап жатыр екен.

Біздің балуандарымыз өздігінен тиіскен жоқ. Ұрған жоқ. Намысқа тигендіктен қамшы жұмсады», - деді Абылайхан Нышанбеков.

Айта кетейік, ақтық бәсекенің бірінші кезеңі 1:3 есебімен қырғыз көкпаршыларының пайдасына шешілген еді.

Бірақ екінші кезеңде есеп теңесті (4:4). Ал қосымша уақытта Қазақстан құрамасы бірінші болып салым салып, жеңіске жетті.



Күн шежіресі